«Ұлтым – қазақ. Кітабым – Құран»: Шымкенттік 2 жасар бала желі қолданушыларын тәнті етті

469

Әлеуметтік желіде діни сауалдарға мүдірей жауап берген шымкенттік 2 жасар бала көпті тәнті етті. Бұл сәттің видеосын бүлдіршіннің анасы ТікТок парақшасында жариялады.

Видеода жас келіншек баласын әңгімеге тартып, оқырмандарына таныстырады. Содан ұлына бірнеше сауалды қояды. Өзін Табрис деп таныстырған балақай ұлты – қазақ, жасы 2-де екенін айтады. Сонымен қатар бүлдіршін Марат есімді атасының ұлы екенін, ал өз әкесін «Ақтілек тәте» деп таныстырады. Сондай-ақ балақай діні – ислам, Раббы – Алла, Пайғамбары – Мұхаммед, кітабы – қасиетті Құран, құбыла – Меккеде екенін айтады.

Бұдан өзге бүлдіршін «Меккеде не бар?» деген анасының сауалына «Қағба» деп жауап беріп, үйде сөре үстінде тұрған қағбаның шағын кәдейсыйын көрсетеді.

Otyrar.kz тілшісі желідегілерді тәнті еткен балақайдың анасымен тілдесті. Табрис – үйдің тұңғыш баласы, әулеттің алғашқы немересі. 1 жасынан бастап тілі шыққан баланың діни тұрғыдағы сауалдарға еш мүдірместен жауап беруінің себебі – үйде көрген тәрбиесі екен.

«Бала көргенін жасайды ғой. Үйде намаз оқу, Аллаға құлшылық жасау деген сияқты әңгімелер жиі айтылады. Қайын атам, енем, жолдасым бес уақыт намазын үзбейтін жандар. Табрис кез келген айтқан сөзімізді бірден қабылдап алады. Есте сақтау қабілеті өте жақсы. Содан баламен тығыз жұмыс істеп, үйрету керектігін түсіндік. Апасы да баламен жиі сөйлесу керектігін, қойған сұрақтарына жауап беріп отыру қажеттігін үнемі айтып отырады… Негізі балам өз әкесін «әке» деп атайды. Тек үйде қайынсіңлілерім «Ақтілек тәте» деп айтқанын көріп, кейде ұлым соларды қайталайды»,-деді Табристің анасы Дана Алдаш.

Екі баланың анасы ұлы қазақ тілін толықтай үйреніп, ойын еркін жеткізе алады деп отыр. Бір ерекше атап өтерлігі, Тарбиске үйдегілер тек қазақ тілінде сөйлесіп, тек қазақ тіліндегі мультфильмдер көруіне рұқсат береді екен.

Дана Алдаш кішкентай Табристің болашақта мамандық таңдауына араласпайтынын алға тартты.

«Әкесі екеуміз баланың мамандық таңдауына араласпаймыз, ол үшін шешім қабылдамаймыз деп отырмыз. Өсе келе қай салаға қабілеті болады, соған қарай көре жатармыз. Баламыз қазір батыр болғысы келеді (күліп)»,-деді Шымкент тұрғыны.