Бейтаныс әйелді теуіп, соққыға жыққан ер адамға қатысты үкім өзгеріссіз қалды

178

(Видеодан кадр/instagram.com/laurenty_ospanova)

Шымкентте дүкен алдында тұрған бейтаныс әйелді бір теуіп, кейін бетінен жұдырықпен ұрған ер адамға қатысты шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушыға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады. Бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен ер адам бұзақылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған болатын.

Жоғарғы сот мәліметінше, апелляциядағы іс жәбірленуші тараптың жазаны нақты бас бостандығынан айыруға өзгертуді сұраған шағымы бойынша қаралды. Мемлекеттік айыптаушы мен сотталушы үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

«Аталған қылмыс ауыр емес санатқа жатады. Сотталғанның 3-ші топтағы мүгедектігі бар екені анықталды. Ол шын жүректен өкініп, кінәсін мойындап отыр, бұрын сотталмаған және қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған. Осыған байланысты сот алқасы бас бостандығын шектеу сотталғанның түзелуі үшін қажетті және жеткілікті жаза деп санады» делінген сот мәліметінде.

Еске салсақ, біз бұған дейін бейтаныс әйелді белгісіз ер адам көшеде соққыға жыққаны туралы жаздық. Оқиға биыл 13 ақпанда болған. Ер кісі Қызылорда облысының 50 жастағы тумасы, 3-топ мүгедегі. Сот отырысында ол бейтаныс әйелді не үшін соққыға жыққанын түсіндіріп бере алмаған. Оқиға кезінде масаң күйде болған.