Екі баласын тұншықтырып өлтірді деген әйелге қатысты сот басталды

194

Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірді деп күдікке ілінген қызылордалық келіншекке қатысты сот басталды. Жұрттың жағасын ұстатқан қылмыс биыл ақпанда анықталған еді. Жалдамалы пәтерлердің бірінен үш және төрт жастағы ұл мен қыздың мәйіті табылған. Көп өтпей оларды өлтірді деген күдікке балалардың өз анасы ілінді. 30 жастағы әйел Шымкенттегі қонақ үйден ұсталған.

Сот отырысына марқұм балалардың әкесі жәбірленуші ретінде қатысты. Сот актісінде келіншек қылмысқа күйеуі көңіл бөлмегендіктен барды деп көрсетілген. Ондағы ақпарға сүйенсек, әйел қос перзентін ұйықтап жатқанда бірінен соң бірін дәлізге шығарып, тұншықтырыпты. Сөйтіп, өзіне қол салмақ болып, кейін ойынан айнып қалған. Ал сотталушының адвокаты алдымен келіншектің психикалық ауытқуының бар-жоғына сараптама жасау қажет деп отыр.

«Жас баласын ешқандай ана өлтіруі мүмкін емес. Ол үлкен сұрақ. Қоғамның алдында тұрған үлкен мәселе. Осыған қатысты. Бұл бір емес, екі емес бірнеше рет кешенді сараптамадан өтсе дұрыс деп түсінеміз. Жан-жақты сот психиатриялық сараптама тағайындауыңызды сұраймыз«, — деді қорғаушы Айнагүл Рүстемова.