Ирригациялық жүйелерге енді 1 ғана басқарма жауап береді

42

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс отырысында маңызды бірнеше мәселе қаралды. Оның бірі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілетін бір реттік көмек сомасын өсіру болса, екіншісі өңірдегі ирригациялық жүйелер проблемасы. Сондай-ақ, 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау барысында жалға берілетін пәтерлер сатып алу, кәсіпкерлік мақсатта берілген несиелерді субсидиялау сынды тақырыптар да осы жиында талқыға түсті.

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында жағымды жаңалықтар айтылды. Оның бірі Ұлы Отан және Ауған-КСРО соғысы ардагерлеріне берілетін 1 реттік әлеуметтік көмек сомасы артты. Қала әкімінің ұсынысымен биыл екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына 2 млн. теңге көлемінде сыйақы берілмек. Бастама мәслихат тарапынан қолдау тапты.

«15 ақпан Ауған Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күні мерекесіне орай 36 АЕК көлемінде ақша төленетін. Сол төлемді 45 АЕК-ке көтеріп отырмыз. Теңгемен айтқанда 166 140 теңгені құрады», — дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

Сонымен қатар, биылдан бастап пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарға 10 АЕК көлемінде көмек берілетін болды. Мәслихат отырысында әлеуметтік саламен қатар ирригациялық жүйенің мәселесі сөз болды. Шымкент тұрғындарының жыл сайын жаңбыр суынан зардап шегіп жатқанын ескерген депутаттар суағарлар үшін жауапкершілікті аудандар балансынан алып, 1 басқармаға табыстады.

«Әр аудан осы мәселемен өздері айналысатын болған. Оны жоғарыдан көрініп тұрмағандықтан суды өз ауданынан шығарып жіберіп, басқа ауданға оның қалай болып жатқанын зерттей де, зерделей де алмайды. Сондықтан біз осындай шешімге келіп отырмыз. Бізде лоток салынады да, ол қайда ағып жатыр? Бақылып, басынан немесе ортасынан жауып отыра алатын бір басқармаға беру керек деп шешім қабылдадық», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Мегаполис басшысы мен халық қалаулылары шешімімен енді суағарларға жауапты ретінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасын бекітті. Сол арқылы әкімдік шымкенттік тұрғындардың жағдайын жақсартуды көздеп отыр.

Сессияда сондай-ақ 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау барысында жалға берілетін пәтерлер сатып алуға, кәсіпкерлік мақсатта берілген несиелерді субсидиялауға, мектептерге байланыс жүйесін тартып, жол салуға, 4 елдімекенді газдандыруға қаржы қарастыру ұсынылды.