Шымкент жүрек орталығында соңғы 4 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 13 науқасқа жасанды жүрек отасы жасалды. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды.
Жоғары технологиялы медициналық көмек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға немесе жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Аталмыш клиникада ағзаны алмастыру отасы 2023 жылы алғаш рет жасалып, сәтті өткен болатын.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде 2023 жылы Шымкент жүрек орталығында 5 мыңнан астам күрделі ота жасалған. 138 төсек орынға есептелген клиникада 40-қа жуық білікті кардиолог, кардиохирург, аритмолог дәрігерлері жұмыс істейді. Жүрекке ашық ота жасау, стенд қою және жүректің ишемиялық ауруларын анықтауда коронаграфиялық тексеру әдісі өлім-жітім санын азайтуға септігін тигізуде.