Шымкенттегі жасыл желек көздің жауын алады

42
фото Шынар Оразова

Көктемнің соңғы айы-мамыр. Жасыл желек  көздің жауын алады. Ұзақ қыстан кейін  таза ауада  серуендегің келе береді. Бағымызға қарай  Шымкентте демалатын орындар жеткілікті. Толассыз  жауған  жаңбырдан  ағаштар бүршік атып,  жапырақтарын жайқалтып  тұр. Табиғаттың сұлулығын шаһардағы демалыс орындарында, әсіресе, Нұрсәт шағынауданындағы әкімдік ғимаратының артындағы шағын саябақта жақсы сезінесің. Мұнда қылқан жапырақты түрлі  қарағай, шырша және жапырақты ағаштар, ақ қайыңдар, акация бар. Демалыс орнына балалар, достарымыз,  қонақтарымызбен жиі келіп тұрамыз. Жанның рахаты таза  ауа,  жайқалған жасыл желек. Осы сұлулықты  жасаған  коммуналдық сала қызметкерлері көрінбейді. Алайда  ұқыпты кесілген лигустралар, сүйіспеншілікпен біркелкі  қиылған  көк алаң, бірде бір қураған бұтақ көрінбейтін  ағаштар  олардың тынымсыз жұмыс істейтінін көрсетеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, көтеріңкі  көңіл-күй сыйлағаны үшін коммуналдық сала қызметкерлеріне  алғысымызды  айтамыз.

Үшінші мегаполистегі демалыс аймақтарының  қатары жылдан жылға  толығуда. Абай саябағы, Жеңіс,  Орталық саябақ, Металлургтер паркі, Тәуелсіздік саябағы, Арбат, «Қазына» Этно-тарихи кешені, Нұрсәт аллеясы. А.Байтұрсынов көшесіндегі, Д.Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесінің қиылысындағы гүлзарлар, Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзар қала тұрғындарының сүйікті орындарына айналған.

Демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін  тәулік бойы қол жетімді. Аптап ыстықта  салқындық, қыста сиқырлы сұлулық сыйлайды. Енді ашылған раушан гүлдері осы көктемде ерекше. Оларға қарап, сіз өмірдің қаншалықты әдемі екенін, әлемнің қаншалықты сұлу екенін түсінесіз.