Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген вице-премьер Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы жаппай өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандардың егіс алқаптарын аралап көрді. Өңірде қазіргі таңда 252 мың гектар жер өңделді. Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы өңдеу механизмдері мен әдістерін зерттеп, зиянкестерге қарсы жұмыстардың барлық циклін жүргізетін мердігерлермен пікір алмасты.
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өңірде шегірткеге қарсы жаппай өңдеу жүргізіліп жатқан аудандардың егіс алқаптарын аралап көрді. Облыстағы алқаптарды өңдеу бағытында 360-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Жаяу, автокөліктер, ұшақтар және дрондар арқылы барлығы 162 мың гектар жер өңделсе, 107 мың гектар жер әуеден өңделеді.
Серік Жұманғарин шегірткемен күресу тетіктері мен әдістерін саралап, зерттеп, шегірткеге қарсы күрес жұмыстарының барлық циклін жүргізетін мердігерлермен пікір алмасты. Препараттарды жеткізу мен сақтаудан бастап, өңдеуге дейінгі жұмыстарды талқылады. Айта кетейік, Түркістан облысы егістік алқаптар көлемі бойынша еліміздегі топ-3 аймақ қатарына кіреді. Өңір бірінші болып шегірткенің ең қауіпті түрі – марокко шегірткесіне қарсы белсенді күресті бастады. Биыл облыста 272 мың гектар жер өңделеді деп жоспарланса, бүгінде оның 252 мың гектарында жұмыс аяқталды.
Еске салайық, Түркістан облысында бір мердігердің бүкіл қызмет циклін көрсетуі пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп жатыр. Келесі жылы республика бойынша шегірткеге қарсы күрес қызметтерін орталықтандырылған бірыңғай жүйеде сатып алуға көшу жоспарлануда.