Елімізде тұңғыш рет егілген банан ағашы өнім берді. Қазір сайрамдық шаруа өнімді жинай бастады. Ерекше кәсіпті қолға алған шаруа жеміс бағасын да қолжетімді қылған.
Түркістан облысында тұңғыш рет банан жеміс берді. Сайрамдық кәсіпкер бұл тропикалық ағашты осыдан 9 ай бұрын еккен. Қазір шаруа еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Ерекше жылыжай шаруашылығын қолға алған тұрғын биыл 1 жарым тонна өнім алады.
«5 гектер жерге 9 мың түп ағаш еккенбіз. Қазір бірінші өнімді алып жатырмыз. Жоспар бойынша 600 тонна банан алу ойда бар. Бұр бірінші еккеніміз. Ал 5-6 ай бұрын отырғызылған ағаштар, 3-4 айда жеміс береді. Ол кезде 2 тоннаға тарта өнім жинаймыз», — дейді шаруа Ислам Әлиев.
Жұмысшылардың сөзінше бананды күтіп баптаудың өзіндік әдісі бар. Ағаш басында тұрған 40 келі жемісті бірден бөлуге болмайды. Тропикалық өсімдік дүкен сөресіне жіберілгенге дейін бірнеше этаптан өтеді. Оның қыр-сырын түркиялық мамандардан үйренген.
«Бұған дейін біздің жақта банан өскенін көрген емеспін. Сондықтан осы шаруашылыққа қызықтым. Қазір келіп, жұмыс істеп жатырмыз. Басында Түркиядан келген мамандар бәрін көрсетіп, үйретіп кетті», — дейді жылыжай қызметкері Бақыт Заманханұлы.
Әзірге жергілікті жеміс Алматы мен Шымкентте саудаланады. Ал басқа өңірлермен байланыс енді орнатылмақ. Кәсіп иесі банан бағасын қолжетімді қылмақ. Сайрамдық тұрғын алдағы уақытта авокадо жемісін өсіруді жоспарлап отыр.