Úı ANONS Түркістанда тұңғыш түнгі марафон өтті

Түркістанда тұңғыш түнгі марафон өтті

«Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің». Түркістанда 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай алғашқы түнгі марафон ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы жарысқа 3 мыңға жуық атлет қатысты. Бұл жоба тек спорттық жарыс емес, Ұлы Жібек жолының рухын заманауи үлгіде жаңғыртқан түнгі фестиваль ретінде өтті.

 

Түнгі марафонға қатысушылар ежелгі керуен жолын символикалық түрде сезініп, 5, 10 және 21 шақырым қашықтықта бақ сынады. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, марафонның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

 

Мұнда еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ шетелдерден келген кәсіби атлеттер мен әуесқой спортшылар бас қосып, ортақ мақсат жолында күш сынасуда. Түркістан төрінде осындай ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуы – өңір үшін маңызды әрі қуанышты оқиға дейді қатысушылар.

Жарыс кешкі уақытта басталып, қала көшелері ерекше жарықпен, музыкалық сүйемелдеумен және театрландырылған қойылымдармен безендірілді. Трасса бойында тақырыптық аймақтар ұйымдастырылып, тарихи кезеңдер көрініс тапты.

 

Халықаралық деңгейдегі додаға 6 елден келген спортшылар да қатысты. Жалпы іс-шараға 5 мыңнан астам адам жиналды. Мұндай марафондар бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, қаланың туристік және спорттық әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Нұргүл Жолымбетова