Түркістандық ескекшілер Париж олимпиадасына үш лицензия ұтып алды

111
Видеодан кадр

Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен лицензиялық Азия чемпионатының жеңмпаздарына құрмет көрсетілді. Жергілікті спортшылар 14 медель жеңіп алған. Оның жетеуі алтын.

Ел құрамасының сапында жарыс жолына шыққан түркістандық ескекшілерге ерекше құрмет көрсетілді. Соның бірі байдарка мен каноэде есуден лицензия иегері Бекарыс Раматулла. Ол енді алдағы сайыста жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрақты көкте желбіретсем дейді.

Бекарыс Раматулла, байдарка мен каноэде есуден лицензия иегері: «Жарыс өте қиын болды, әрі сәтті болды. Қарсыластарымыз да мықты деңгейде өнер көрсетті. Бірақ біз оған қарамастан жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Қолымыздан келгенді жасап, олимпиадаға жолдама ұтып алдық. Енді алдағы ойында жақсы нәтиже көрсетуіміз керек»

Париж Олимпиадасына лицензия алғандардың бірі ескек есуден Владислав Яковлев. Ол алдағы сайысқа олимпиада өтетін елдің ауа-райын ескеріп дайындық жүргізіп жатырмыз дейді.

Владислав Яковлев, ескек есуден лицензия иегері: «Басты мақсатымыз — Париждегі олимпиадада жақсы нәтиже көрсету. Парижде су териториясы кішкентай емес. Қатты жел тұрады. Ауа-райын да ескеріп, жақсы дайындалу керек».

«Түркістандық ескекшілер еліміздің ұлттық құрамасының негізгі тірегі» деген Денис Жәрменов қазіргі уақытта лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушылары дайындықты бастап кеткенін айтты. Оның сөзінше төрт жылдықтың басты спорттық жарысы – олимпиада ойындарына дайындық процесі жоғары деңгейде болмақ.

Денис Жәрменов, Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры: «Осы жарыста біздің спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жерлестеріміз 14 медель жеңіп алды. Оның ішінде 7-еуі алтын. Бесеуі күміс және екеуі қола. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ең бастысы олимпиадаға лицензия алып, мақсат орындалды».

Айта кетейік. Түркістан қаласының өзінде олимпиадалық стандартқа сай елде теңдесі жоқ ескек есу каналының құрылы жұмысы аяқталуға жақын.