«Үздік тәжірибелік орталықтардың» жұмысы өзге медициналық ұйымдарға үлгі болып отыр

309
фото Отырар.кз

Қалалық емханалар жанына ашылған «Үздік тәжірибелік орталықтардың» жұмысы республикадағы өзге де медициналық ұйымдарға үлгі болып отыр. Бүгін Шымкентке Маңғыстау облысынан арнайы делегация келіп, өңірдегі емхананың үздік тәжірибесімен танысты. Іс-сапармен келген 30-ға жуық маман енді өз қалаларында мұндай орталықтың үшеуін ашуды жоспарлап отыр.

Бүгінде Шымкенттегі №6 емхана жанынан «Үздік тәжірибелік орталық» ашылған. Мегаполиске Маңғыстау облысынан арнайы делегация келіп, медициналық орталықтың жұмысымен танысты. Тәжірибе алмасуға келген 30-ға жуық маман қалалық емхана жұмысындағы сәтті жобаларды Маңғыстауда қайталауды жоспарлап отыр.

Бекболат Ізбасар, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Емханада ерекшелік көп екен. Науқастардың қажеттілігін анықтап, қабылдау өте маңызды. Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдардың сәтті жобаларымен танысып, сол жобаларды өзіміздің облысымызда қайталап, осындай орталықтарды ашуды жоспарлап отырмыз»

Сәуле Айдарқызы бұл емханада 10 жылдан бері тіркеуде тұрады. 72 жастағы зейнеткер мұндағы дәрігерлердің жұмысына дән риза.

Сәуле Айдарқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Емханада бәрі жақсы. Дәрігерлер өз жұмысын ойдағыдай істейді. Уақытылы дәрімді алып, уақытылы станционарға жатамын. Емхана қызметкерлеріне рақмет!»

Үздік тәжірибелік орталықтың басты ерекшелігі – әлеуметік қызмет пен медициналық қызметтің біріктірілуі. Бүгінде жаңа деңгейге өткен емхана 11 жаңа жоба бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтады.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бұрын біз тек пациентке мақсатталып жұмыс істесек, қазіргі уақытта біз оның жанұясымен де жұмыс істеп жатырмыз. Мультидициплинарлық топтарда дәрігер, терапевт дәрігер, социалдық қызметкер, психологиялық қызметкер бәрі шоғырлана отырып қызмет атқарады. Бұл өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Мәселен, 6 емханадағы арыз-шағым саны былтырмен салыстырғанда 4 есе азайды»

Атап өтсек, Шымкентте жалпы саны 4 емхана жанына Үздік тәжірибелік орталық ашылған.