«6 баланы асырап алып, азаптады» деген ер адамның ісі сотқа өтті — омбудсмен

721
Фото Отырар.кз

«6 баланы асырап алып, азаптады» деп күдікке ілінген азаматқа қатысты Динара Зәкиева пікір білдірді. Сөзінше олар балақайларға мемлекеттен бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсаған. Сонымен қатар, буыны қатпаған балаларды ауыр жұмысқа салып, қинап ұстаған дейді омбудсмен.

Балалар үйінен 6 баланы асырап алып, қинады деп күдікке ілінген отбасыға қатысты Динара Зәкиева әлеуметтік желіде пікір білдірді. Оның айтуынша бұл оқиғаға қатысты тағы біраз сорақылық бар. Мән-жәйды анықтау үшін айтулы азаматтың үйіне барғанмен, есігі тарс жабық тұрды. Ал көршілері бүлдіршінді көрмегенін, тіпті оның ойнау үшін де сыртқа шықпағанын айтады. 16 жастағы жасөспірімді тек мектепке бара жатқанда ғана көретінбіз дейді.

«Біз оған кірмейміз. Араласпаймыз.

— Кіріп-шығып жүретін ба еді?

— Шығармайды осының ішінен. Есігінен көрмейміз. Сабаққа кетеді. Түстен кейін қайтып келеді.

— Балаларыңызбен ойнамай ма?

  • Жоқ, шықпайды. Ол бұл жерде де оқымайды. Дачада ма, оқиды-ау.
  • Ол кісі жұмыс істей ме?
  • Істемейді-ау.
  • — Жәй үйінде жатады ма?
  • — Тәуіпкершілігі бар ғой.
  • — Сонда адам қабылдауды ма?
  • — иә, адам қабылдайтын. Бірақ қазір ешкім кемей қалды. Өзі де жоқ болып кетті».

«Танымаймыз ол кісіні сөздің шынына келген кезде. Күйеуім де араласпайды.

— Сонда көршілердің бәрі араласпай ма ол кісімен?

— Білмеймін, басқа көршілер араласса-араласатын шығар. Бірақ біз араласпаймыз»

Балалар омбудсмені қазір қосымша тергеу жүргізіліп жатқанын айтады. Сөзінше, күдікті балақайларға бөлінген ақшаны басқа мақсатта, яғни ешкі алуға жұмсаған болуы мүмкін. Ал буыны қатпаған балаларға жұмысшы ретінде қараған көрінеді. Қазір осы жайттың мән-жайы құзырлы органдармен анықталып жатыр.

«Аталмыш қылмыс бойынша біз ақпан айынан бері ҚР ІІМ, Бас прокуратура және Шымкент қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бұл оқиғада біраз сұмдық бар, соның бірі – балалардың үлкенінің сөзінше, асырап алушылар балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ, олар балаға тиесілі ақшаны ешкілер сатып алуға жұмсап, балаға баққызып қойғандары туралы дерек бөлек тергелуде», — дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева.

Білім басқармасы бұл жайтты бақылауға алғанын жеткізді. Ал жасөспірімнің психикалық жай-күйіне мән бермеген мектеп әкімшілігіне сөгіс жарияланыпты.

«Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты №95 жалпы орта білім беретін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен сынып жетекшісіне ескерту, мектептің педагог-психологы мен әлеуметтік педагогына сөгіс, тәртіптік шарасы берілді. Сот шешімі шыққан соң ресми хабар береміз», — дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, күдіктінің үстінен ҚР ҚК-тің 110 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, факті сотқа жолданған. Мамандардың сөзінше сезікті азамат психикалық ауруының болуына байланысты Алматыда ауруханада жатқан көрінеді.