Қазақстанның оңтүстігінде үй тирандарының құрбандары дағдарыс орталықтарына жиі жүгіне бастады. Тек Шымкенттің өзінде осы жылы 700 адам көмек сұраған. Орталықта оларға толық құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіледі. Кейіпкеріміз 10 жылдан астам уақыт бойы күйеуінен қорлық көріп келген екен.
Бүгінгі сюжет кейіпкері Динара «алып қашу» құрбандарының бірі. Кезінде небәрі екі күн таныс болған жігіттің жары атанып кете барған ол менің тағдырым осындай болды дейді. Енді міне 10 жылдан астам уақыт бойы күйеуінен қорлық көріп, бүгін бет жүзін көрсетуге де қорқып отыр.
Динара: «Мен сол алып қашудың зардабын шектім деп айтсам болады. Күйеуім бірінші әйелін ұрып-соққаны үшін ажырасқан екен. Егер мен оны жүріп жүрген кезде білсем, тұрмысқа шықпас едім. Алып қашу болғандықтан, мен олай жасай алмадым. Алып қашу ондай мүмкіндікті шектейді. Соқыр көзбен барып күйеуге шығады. Ал кейіннен «тосынсыйлар» шыға бастайды. Сол үшін алып қашуды түбегейлі құрту керек»
Динара абьюзер күйеумен өмір сүрудің өте қиын екенін айтады. Ол үйдегі кішігірім мәселенің соңы әрқашан ұрыс-керіспен аяқталатын еді дейді. Жолдасы оны балалардың көзінше де ұрып соққан көрінеді. Тіпті оған қорлықтың түр-түрін де көрсеткен екен.
Динара: «Біз бірге өмір сүргенде ұру, соғу, кемсіту, боқтау бәрі болды. Мен көп жағдайды айтпай отырмын ғой. Ол жерде интимдік те қыспақтар болды. Неше түрлі аморальдық, жиіркенішті қорлықтар да болады. Психологияға әсер ететін қысымдар болды»
Көп жылдарға жалғасқан қорлықтан кейін Динара күйеуінен қашып кетуге шешім қабылдаған. Бүгінде ол балаларымен бірге дағдарыс орталығында тиісті көмек алып жатыр. Ал мамандар, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға ең басты қолдау керек дейді.
Малика Жүсіпова, Шымкент қалалық дағдарыс орталығының басшысы: «Біз мұндай жағдайға түскен әйелдермен өзі үшін күрессін деп жұмыс істейміз. Олар өздерінің қадірін біліп, өздерін қорғай алуы керек. Себебі, мұндай жағдайға түскен әйелдер тек балаларын ұрмаса екен деп, барлық қорлыққа шыдап жүре береді»
Дағдарыс орталығының мамандары мұндай жағдайлар аз емес дейді. Оларға Динара сияқты қорлық көрген әйелдер көп келетін көрінеді. Зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың бірі қаржылық тәуелділіктен күйеуінен кете алмаса, енді бірі балалары үшін шыдап жүреді екен. Өткен жылы мемлекет басшысы тирандарға жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Бүгінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасы әзірленген.
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады, немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл ұрып-соғуға да қатысты. Егер бұрын 10 АЕК болса, қазір 80 АЕК көлемінде айыппұл төлеу қажет. Немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады не болмаса 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Сондай ақ, азаптауға қатысты жаза да қатаңдатылған»
Мамандар қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша ең озық заңнамалардың бірі бекітілгенін атап өтті. Оған сай, енді абьюзерлер мәжбүрлеп емдеуге жіберіледі.