Шымкентте БАҚ қызметкерлері күніне орай спартакиада өтті

35

Шымкентте БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында спартакиада өтті. 4 түрлі спорт түрінен өткен сайысқа 9 құрама қатысқан. Оның ішінде кіші футболдан Отырар құрамасы 3 — орынды еншіледі.

БАҚ қызметкерлері арасында өткен спартакиадада «Отырар» телеарнасының кіші футболдан құрамасы 3 — орынды еншіледі. Жігіттер ойын барысында 4 кездесу өткізіп, оның екеуін айқын басымдықпен жеңді.

«Өте қиын болды. Барынша намысқа тырысып, соңына дейін ойнадық. Соның арқасында 3 — орын алдық. Рақмет сенгендеріңізге», — дейді «Отырар» телеарнасының тілшісі Иззат Миралиев.

Отырарлық жігіттер ойын барысында жалпы 10 гол салды. Ал құраманың белді ойыншысы Олжас Айдарбек 5 рет қақпаға дәл соққы жасап, өз ұжымын жеңіске жетеледі.

Теңбіл доп сайысында 1 — орынды «Ернұр пресс» құрамасы алса, «Түркістан БАҚ» 2- орынға қол жеткізді. Ал арқан тартыстан «Оңтүстік»  телеарнасының ұжымы жыл сайынғы жеңісті тұғырынан таймай 1 — орынды еншіледі.

«БАҚ спартакиадасында «Оңтүстік» телеарнасы арқан тартыстан дәстүрлі түрде биыл да чемпион атанды. Бұл арқан тартыс «Оңтүстік» телеарнасының спортына айналып кетті десек те болады. Тағы да бірінші орын алдық. Мереке құтты болсын қымбатты әріптестер. Бәріңізге шығармашылық табыс тілейміз. Жазарларыңыз, айтарларыңыз таусылмасын», — дейді Оңтүстік телеарнасының тілшісі Күнту Арынбек.

Үстел теннисінен қыздар мен ұлдар құрамасынан да 1 орынды «Үш таған» құрамасының мүшелері жеңіп алды. Ал сайысқа арнайы келген әкім орынбасары БАҚ қызметкерлерін мерекесімен құттықтады.

«Қаламыздағы қалам тербеген БАҚ өкілдеріне, тележурналистика саласында, интернет кеңістікте жұмыс істейтін барлық қызметкерлерді төл мерекелерімен құттықтап, жұмысына табыс, еңбектеріне табыс тілейміз», — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Шымкентте өткен спартакиадаға 9 қоманда қатысты. Жүзден жүйрік шыққан ұжымдар мен үздік ойын көрсеткен жандарға медаль мен ақшалай сыйлық табысталды.