Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы және бөлім басшысы мен кәсіпкерге үкім шықты.
Антикор мәліметінше, олар 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңгені құрайтын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар бөлім басшысы пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды.
«Бөлім басшысы Төлеби ауданының цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға пара беру сылтауымен кәсіпкерден 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды. Дәл осы үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT-қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін кәсіпкерден 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды»,-делінген ведомство мәліметінде.
Сот үкімімен басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушыға 8 жыл, кәсіпкерге 7 жыл, бөлім басшысы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен бірге аталған сотталушылар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Сот Отырар ауданы әкімі аппараты басшысының өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
(Фото: egemen.kz)