Көлігіңіз жолдағы шұңқырға түсіп кетсе, жөндеу шығынын қалай өтеп алуға болады?

444
фото Отырар.кз

Масаң күйде көлік айдайтындарды қалай жазалап жатыр? Қымызға масайып, көлік айдаса, жауапқа тартыла ма? Көлігіңіз жолдағы шұңқырға түсіп кетіп, зақымдалса, шығынын қалай өтеп алуға болады? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полк командирінің орынбасары Тоқтарбек Әшірбаев жауап берді.

Жыл басынан бері қанша құқық бұзушылық тіркелді?

2024 жылдың алғашқы жартысында, яғни 6 айда 217 735 азаматқа әкімшілік хаттама түзілді. Ол жерде басым бағыты жолда құқық бұзған болып отыр. Соның саны – 204 514, ал қоғамдық сала бойынша 13 221 әкімшілік хаттама толтырылған. Енді әр бап бойынша түсіндіре кетсем, құқық бұзушылық түрлі жағдайда болып жатады. Мысалы, масаң күйде көлік басқару, қарама-қарсы жолға шығып кету, автокөлікті басқару кезінде ұялы телефонды қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілері, көлік терезесін күңгірттеу, құжатсыз көлік басқару сынды жол жүру ережесін сақтамау деген сияқты жағдайлар боп жатыр.

Ал ішімдік ішіп алып көлік басқарған жағдай жиі болып тұра ма? Мұндай оқиғаның қаншасы тіркелді?

Осы 6 ай көлемінде масаң күйде көлік басқарған 684 жағдай анықталды. Мұның бәрі тек ішімдік ішіп қолға түскендер емес, арасында есірткі, синтетикалық есірткі қолданған фактілер де бар. Мұндай жағдайдың алдын-алу мақсатында жыл басынан бері 14 профилактикалық іс-шара жүргіздік. Бұл бір нүктелік іс-шара деп аталады. Оны әр аптаның жұмасы мен сенбі күні өткізіп тұрамыз. Осы рейд кезінде де анықталып жатады. Және тағы бір айтатыным, мас күйде көлік жүргізіп, жүргізуші куәлігінен айрылса да, екінші рет қайта көлік басқарып, ұсталғандар бар. Мұндай 18 жағдай анықталды. Олар жауапкершілікке тартылды. Азамат жүргізуші куәлігінен айырыла отырып, тағы да мас күйде көлік басқарған жағдайда ҚР Қылмыстық көдексінің 346-бабына сәйкес, бас бостандығынан айырылуға дейінгі жаза қарастырылған.

Ал қымызға масайып, көлік жүргізсе, жауапқа тартыла ма?

Автокөлік басқарған адам жол ережесін бұзып немесе басқа да күдік туғызса, жол патрульдік полк қызметкерлері ол кісіні наркоорталыққа апарып, тексеруге міндетті. Мен рейдтік шаралардың басы-қасында көбіне өзім болам. Сондай жағдайда ішімдік ішті деп күдікке ілінген жүргізушілер «мен қымыз іштім, энергетикалық сусын іштім» деп түсініктемесін береді. Бірақ біздің міндетіміз, күдік туғызған адамды наркоорталыққа апару. Өкініштісі лабораториялық анализдің нәтижесінде олардың кейбірі сыра, спирттік алкоголь ішкен болып шығады. Лабораторияның нәтижесі бойынша азаматтың қанында адам қанында спирттік этилдің қанша мөлшері бар екені жазылады. Егер азаматтың қанында 0,5 промилледен жоғары спирт болса, ол адам жеңіл дәрежелі масаң күйде болып есептеледі да, жауапкершілікке тартылады. Ал егер болмаса, онда есептелмейді. Осылайша азаматтың қымыз немесе ішімдік ішкені сараптамадан кейін белгілі болады.

Шағын электр көлік құралдарын жүргізуге қатысты құқық бұзушылық көп па? Оларға жүргізуші куәлігі керек пе?

2024 жылдың 6 айында самокат, мопед сынды шағын электр көлік құралдарын жүргізушілерге қатысты 11 362 жағдайға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде шлем тақпайтындар бар, жолдың бірінші жолағымен жүретіндер бар. Осылайша олар да жол жүру ережесін бұзып жатады. Бұл жағдай көбіне жас балалар тап болады. Өйткені олар осы электр көлік құралын жүргізуге құштар болып келеді. Ал жүргізуші куәлігіне келсек, егер көлік құралының қозғалтқышының күші 50 текше сантиметр немесе одан да жоғары болған жағдайда санаттар қарастырылған. Ал самокат, мопедтердің қозғалтқыш күші 50 текше сантиметрге жетпейді. Сол себепті қазір оларға жүргізуші куәлік қарастырылмаған. Дегенмен, 2024 жылдың 30 тамызынан бастап, жол жүргізу заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол жердегі 38-бап, жаяу жүргіншілерге арналған бап. «Мопед, электр самокат, тағы басқа шағын электр көлік құралдарын жүргізушісі» сөзімен толықтырылды. Яғни бұл көлік құралының жүргізушілері жүргінші бабына енгізілді. Бұл кісілерді жол қозғалысының қатысушысы ретінде жауапкершілікке тарту мүмкін болды.

Көшеде машинасында қатты музыка қоятын жүргізушілерге қатысты шағым бола ма, оларға айыппұл салына ма?

Иә, әрине айыппұл салынады. Мұндай жағдай бойынша көбінесе түнгі уақытта бізге шақырту көп түседі. Қоғамдық орындардан, автотұрақтардан шақырту түсіп жатады. Сондай жағдайда біздің қызметкерлер дер кезінде шара көріп, әкімшілік хаттама толтырады. Егер де музыка дауысын рұқсатсыз қатты шығаратын болса, кемшілікті жою үшін әкімшілік хаттама толтырудан бөлек, автокөлікті айыптұраққа жабу фактісі де болып тұрады. Бұл тек шағым түскен жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады деген сөз емес. Біздің патрульдік полиция қызметкерлері де рейдке шыққан кезде анықталып жатады. Тиісті шара қабылданады.

Жаяу жүргіншілер бағдаршамнан емес, басқа жерден жол кесіп өткен жағдайда да айыппұл салынады ғой?

Иә, біз бұл жағдай бойынша да арнайы профилактикалық іс-шара жүргізіп тұрамыз. Себебі бұл да ең көп кездесетін құқықбұзушылықтың бірі. Жаяу жүргінші арнайы белгі қойылған жерден өту керек. Біз қала тұрғындарына әсіресе мектеп оқушыларына осы жағдай бойынша барынша жиі түсіндіру жұмысын жүргізіп тұрамыз. Мектепке, балабақшаға барамыз. Тек ұстаздармен емес, ата-аналарымен де сөйлесеміз, жағдайды түсіндіреміз. Балаларына қалай жол жүру ережесін үйретуді сұранамыз. Бұл – басты назардағы жағдай. Себебі адам өміріне қауіп төнудің басым бөлігі осы арнайы жаяу жүргіншілер үшін қойылған жерден, яғни белгі қойылған жерден немесе бағдаршамнан өтпей, басқа жерді қиып өте салмақ болған жағдайдан туындап отыр.

Машина жолдағы шұңқырға түссе, кім жауапты болады, шығынын өтеп алуға бола ма?

Жол көлік оқиғасына шығатын инспекторлар жол көлік оқиғасы бойынша барлық құжаттарды рәсімдейді. Сараптамалар, тексерулер жүргізеді. Егер жол апаты жол кесірінен болған жағдайда, ол бойынша құзіретті органдардың бәріне хабарлама беріліп, сол жолға жауапты құзіретті органды ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартады. Және азамат сот органдарына шағымдану арқылы материалдық шығынын өтетіп алуына болады.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР