Әлем чемпионатында шардаралық спортшылар 20 алтын жеңді

29
фото: Шардаар арм спорт клубы

Шардаралық спортшылар қол күресінен әлем чемпионатында 20 алтынға қол жеткізді. Ал ел құрамасындағы 82 спортшы Молдавада өткен байрақты бәсекеде бірінші тұғырдан көрінді. Осылайша ел мақтаныштары командалық есепте топ жарды.

Бір-біріне рух беріп жатқан бұл жігіттер Молдавада өткен әлем чемпионатында қол күресінен 82 алтын медаль еншілеп, еліміздің абыройын асқақтатты. Оның 20-сы Шардара арм спорт клубының спортшыларына тиесілі. Осылайша ел мақтаныштары 61 мемлекеттің ішінде 1 орыннан көрінді. Ал 110 келі салмақта чемпион атанған Медет Құттымұратов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады.

«Молдова елінің астанасы Кишинёв қаласында өткен 45 Әлем чемпионатында чемпион болдым. Алла қаласа, мұнымен тоқтамаймыз. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретуге тырысамыз», — дейді қол күресінен әлем чемпионы Медет Құттымұратов.

фото: Шардаар арм спорт клубы

«Әлем чемпионатында 61 елден 1500 спортшы қатысты. Бұл жарысқа біздің 47 спортшы қатысқан еді. 20 спортшымыз әлем чемпионы болды. Бізге Түркия, Грузия, Болгария елдері қарсылас болды. Бәрі де жақсы дайындықпен келген екен. Бірақ біздің спортшыларымыз намысқа тырысып, еліміздің көктуын, әнұранын көкте шарықтатып қайтты», — дейді «Шардара Армспорт» клубының аға жаттықтырушысы Асан Байқозиев.

Әлем чемпионатында топ жарған шардаралықтар 20 алтын, 16 күміс және 4 қола медальды қанжығаға байлады. Жеңімпаз жастарды барша жанкүйері мен туған туыстары қошеметпен қарсы алды. Ал аудан әкімі арнайы құттықтауын жеткізді.

«Жеңістеріңіз құтты болсын. Молдавада еліміздің көк туын желбіретін қайттыңыздар. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын», -дейді Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев.

Аудан әкімі жеңімпаз жігіттерді алғыс хаттармен марапаттап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Әлем чемпионатында абсолюттік салмақта ешкімге дес бермеген Медет Құттымұратовқа демеушілердің атынан автокөлік табысталды.