«OTYRAR» телеарнасында көптен күткен кастинг өтті

30

Бүгін «OTYRAR» телеарнасында көптен күткен кастинг өтті! Медиахолдингтің 5 бірдей білікті маманы байқауға қатысушыларды сын тезіне алды. Дегенмен бағын сынауға келгендер өздерін еркін ұстады. «OTYRAR» телеарнасы ұйымдастырған кастинг қалай өтті? 

Отырар телеарнасы кастинг өткізіп, таланттарды тартып жатыр! Байқауға қатысушыларды медиахолдингтің 5 бірдей білікті маманы іріктеуден өткізді. Кастинг әңгімелесу форматында өтті. Арна басшысы ұжымдағы жаңа өзгерістерді әрқашан қолдайтынын айтады.

Жанна Өтебаева, «OTYRAR» телеарнасының директоры: «Байқасаңыздар қазір жаңару туралы айтып жүргендер көп. Себебі заман өзгеріп «Жаңа Қазақстан» ұғымы іске асып жатыр. Сәйкесінше бізге де жаңа дүниелер қажет. Жаңа көзқарас, жаңа идея, жаңа келбет дегендей. Біздің Қазақстан, әсіресе оңтүстік өңірі талантты жастарға бай. Оларды шығару керек. Оларға мүмкіндік беру қажет. Осы мақсатта кастинг өткіздік. Болашағына нық сеніммен қарайтын, жанып тұрған жастарды көрдік. Солардың арасынан үздіктерін таңдаймыз»

Біздің командаға қосылып, бірге дамып, өзгеруді қалағандар бүгін бақ сынады. Олардың қатарында 25 жастағы Мереке Оралбек те болды. Жас жігіт бүгінгі байқаудан сүрінбей өтетіне бек сенімді.

Мереке Оралбек, кастингке қатысушы: «Кастинг өте жақсы. Бұрын барған кастингтеріме қарағанда өте жоғарғы деңгейде өтті. Мұнда келушілерге қарағанда мүмкіндігім жоғары сияқты»

Ал 20 жастағы Арай Нұрланқызы «Отырар» телеарнасы сауаттылығымен ұнайды дейді. Сондықтан да команданың бір мүшесі болу үшін ол жақсы дайындықпен келген.

Арай Нұрланқызы, кастингке қатысушы: «Өзінің сауаттылығымен ұнайтын телеарна болған соң келдім. Кастинг мен ойлағаннан да жақсы болды. Маған көптеген сұрақтар қойылады деп, мені жақсылап сынайды деп ойлап едім. Бірақ, нақты керек сұрақтарды қойды. Ал мен керек сұрақтарға жауап бере білдім»

Бүгінгі кастингке 10-нан астам азамат «Отырар» телеарнасына қосыламын деген мақсатпен келді. Енді іріктеу кезеңінен өткен талапкерлер жаңа маусымды жаңа леппен бастайды.