Шымкентте бір күнде 2 адамды пышақтап өлтірген ер кісіге үкім шықты

141

Шымкентте спирттік ішімдік ішіп, бір күнде 3 танысын пышақтап тастаған ер кісі сотталды. Оқиға кезінде пышақталған үш адамның екеуі көз жұмған. Үкім қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 99-бабы 1-бөлігі (Қасақана адам өлтіру), 99-бабы 2-бөлігінің 5), 13) тармақтары (Аса қатыгездікпен бірнеше адам өлтіру) және 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) айып тағылды.

Қалалық сот мәліметінше, алкогольдік масаң күйде болған Д. есімді азамат 2024 жылдың 4 қаңтар күні сағат 17.00 шамасында Шымкенттегі Абай даңғылының бойында орналасқан жылу құбырының үстінде ұйықтап жатқан А. есімді танысын қасақана өлтіруге оқталған. Жәбірленуші мен сотталушының арасында бұған дейін бас араздығы болған. Содан сотталушы өзімен бірге алып жүрген туристік жиналмалы пышақпен жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасаған. Осы сәтте пышақ жарақатын алған ер кісі жан-жағынан көмек сұрағандықтан танысы қылмысын соңына дейін жеткізе алмаған.

Шамамен арада 20 минут өткен соң сотталушы Гагарин көшесінде келесі қылмысын жалғастырған. Ол қараусыз қалған ғимарат ішінде жәбірленуші М.-мен бірге спирттік ішімдік ішу барысында араларында жанжал туындаған. Осы кезде сотталушы жиналмалы пышағымен жәбірленушінің мойнын пышақтап тастаған. Ер кісі оқиға орнында көз жұмған. Сотталушы танысының көз жұмғанына көз жеткізіп, оның қалтасынан 20 мың теңге тұратын ұялы телефонын қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Үшінші қылмыс та дәл сол күні болған.
Сотталушы сағат 18:30 шамасында Шымкенттегі Бекет батыр көшесі бойындағы қараусыз қалған үйде жәбірленуші Д.-мен спирттік ішімдік ішкен. Бұл кезде де екеуінің арасында жанжал туындап, сотталушы өзімен бірге алып жүрген асханалық пышақпен аса қатыгездікпен танысының кеуде тұсына көптеген соққы жасаған. Мұнымен қоймай ол сол жерде жатқан таспен жәбірленушінің бас аумағын бірнеше рет ұрған. Ауыр соққы салдарынан ер адам сол жерде қайтыс болған.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындады. Сот үкімімен ол тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

(Фото: istockphoto.com)