Президент жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар дайындалады

33

Президент Жолдауын орындау мәселесі бойынша Үкімет отырысы өтті. Премьер-Министр әлеуметтік саланың бірқатар негізгі бағыттарына кешенді өзгерістер қажеттігіне назар аударды. Олжас Бектенов ұлттық экономика министрлігіне Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын тез арада Үкімет отырысының қарауына енгізуді тапсырды.

 

Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді реформалау жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілетін болады. Премьер-Министр Олжас Бектенов оқу-ағарту министрлігінің алдына 1 желтоқсанға дейінгі мерзіммен тиісті міндет қойды. Жыл соңына дейін халықтың табысын ескере отырып, мектепке дейінгі білім беруге арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу үшін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлеу тапсырылды.

Әлеуметтік сектордағы негізгі міндеттердің бірі – білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту да қарастырылған. Қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, қаржыландыру көздерін айқындап, 1 желтоқсанға дейін Орта білім беру объектілеріне күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жоспарды бекіту қажет.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл соңына дейін инженерлер, геологтар, көлік, аграрлық және су салаларының жұмыскерлері, сондай-ақ ғалымдар мен басқа да мамандықтардың өкілдері үшін құрметті атақтарды қосу бөлігінде «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға өзгерістер әзірлеп, енгізуі керек. Үкімет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті.

Олжас Бектенов ҚР Премьер-министрі: «Мемлекет басшысы міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға бағытталған қаражатты жұмсау тиімділігіне ерекше назар аударды. Сондықтан осы міндетті орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін базалық медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру жұмысын аяқтасын».

Бұдан басқа, Үкімет басшысы «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру жоспарына жеке тоқталды. Цифрлық даму министрлігіне еңбек, денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрліктерімен, өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп цифрлық төлем құралын енгізуді қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 қаңтардан бастау тапсырылды. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін «Әлеуметтік әмиянға» кіретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі бекітілуі тиіс, ал жыл соңына дейін – қажетті заңнамалық өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс аяқталады. Премьер-Министр министрліктердің заңнамалық деңгейде сапалы жұмыс істеуі үшін Парламент депутаттарымен сындарлы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Қабылданып жатқан шаралардың барлығы дәйекті түрде әрі мемлекеттік органдар мен экономика секторлары арасында үйлесімді іске асырылуы тиіс. Өзара іс-қимылдың теңгерімді тетігі ғана тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді». Біздің әрбір қадамымыз ортақ нәтижеге – халқымыз бен еліміздің әл-ауқатына бағытталуға тиіс. Президент Жолдауының іске асырылу нәтижесін қазақстандық әрбір азамат сезінуі керек».

Олжас Бектенов ұлттық экономика министрлігіне Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын тез арада Үкімет отырысының қарауына енгізуді тапсырды.