Түркістанның шөлді аймақтары көгалдандырылатын болады. Осы мақсатта қытайлық инвесторлар өз жобасын ұсынып жатыр. Бұл туралы өңір басшысы мен «Чанъань» инвестициялық компаниялар тобы өкілдерінің кездесуі кезінде белгілі болды.
Түркістанның шөлді аймақтарын жасыл желекке айналдыру жоспарда бар. Осы мақсатта облысы әкімі Шэньси провинциясынан арнайы келген «Чанъань» инвестициялық компаниялар тобы өкілдерімен кездесті. Онда бірнеше жобаны талқылап, делегация өкілдері жарықтандыру, таза ауыз судың қолжетімділігін арттыру сынды жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Кездесуге кәсіпкерлермен бірге Сиань қаласындағы ҚР Бас консулы да қатысты. Ол келіссөздерді ұйымдастыруға, консультациялық қызметтер көрсетуге және тараптардың өзара іс-қимыл процесін сүйемелдеуге қол ұшын созуға дайын екендерін жеткізді. Ал өңір басшысы жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
«Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Ол Қытай, Ресей арқылы Әзербайжан, Түркияға шығуға мүмкіндік береді», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Сиань қаласына сапар аясында жергілікті мамандар жетекші кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысып, 20-дан астам компаниямен бірлескен инвестициялық жобалар бастауға келісім жасалды. Қазір өңірлік байланыстарды күшейту мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр.