Түркістан облысы бойынша «109» біріңғай байланыс орталығы 2022 жылы іске қосылған болатын. Орталыққа тегін қоңырау шалу арқылы тұрғындар әкімдіктің жұмысына қатысты кез келген мәселе бойынша сұрақтарына жауап алып, өтініш пен арыз-шағымдар бере алады.
Күні кеше Мақтаарал ауданы әкімі аппараты мәжілісінің күн тәртібінде «109» біріңғай байланыс орталығының жұмысы туралы талқыланды. Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібі бойынша аудан әкімі аппараты ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы Д.Аязбеков баяндама жасады. Бас инспектор аудан бойынша біріңғай байланыс орталығына жауапты мамандар бекітілгенін, байланыс орталығына түскен сұрақтарға жауап беру бойынша мамандарға 2 рет семинар өтіп, ватсап желісінен арнайы чат ашылғанын атап өтті.
Жалпы «109» біріңғай байланыс орталығына 2024 жылдың басынан бері Мақтаарал ауданына қатысты 386 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 370 өтініш уақытылы жабылса, 15 өтініш мерзімінен кеш жабылған. Сондай-ақ, 1 өтініш орындауда тұр. Өтініштердің ішінде ең көбі электр энергиясы (74 өтініш), жол инфрақұрылымы (19 өтініш), денсаулық сақтау (17 өтініш), жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау (16 өтініш), газбен қамту (15 өтініш), ауыз сумен қамту (12 өтініш), көше жарық шамдары (9 өтініш) және білім салаларына (5 өтініш) қатысты түскен.
«Мерзімінен кеш жабылған өтініштердің барлығы дерлік аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, аудандық электр желісі мекемесіне, аудандық ветеринария бөліміне, аудандық білім бөліміне және Атакент кенті әкімі аппаратына тиесілі» — деді, баяндамашы.
Айта кетейік, «109» туралы тұрғындар арасында кеңінен ақпарат тарату үшін арнайы халық көп шоғырланған орындарға плакаттар, үлкен жолдардың бойына билбордтар ілініп, лэд экрандарға жарнама қойылып, әлеуметтік желілерге материалдар жарияланғанымен, қоңырау түсу санынан Мақтаарал ауданы облыста соңғы орында тұр. Облыс әкімдігімен болған жиында бұл мәселе көтерілгенін, сондықтан орталықтың жұмысы тұрғындар арасында кеңінен насихатталуы керектігін айтқан аудан басшысы жиынды қорытындылады.