Әйелін ұрғаны үшін көше сыпыратын болды

30
фото egemen.kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қ.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сотталушы ҚК-нің 108-1-бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) айыпталған.

Қ. өзінің азаматтық некедегі жұбайы Э.-мен жанжалдасу кезінде, оң қолының шынтағымен ұрып, мойнынан қылқындырып, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген.
Сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушінің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға кешірім бермейтінін, шешімді соттың қарауына қалдырды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның өзінің кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, ал жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты. Сот, Қ.-ны ҚК-нің 108-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді.