Бағдаршамдағы секундомер қажет пе?

25
ОТЫРАР

Шымкентте қалалық бағдаршамдардағы секундомерлер өшірілді. Кей жүргізушілер мұны дұрыс деп санаса, енді бірі бұл өзгеріспен келіспейді. Мұндай өзгеріске не себеп?

Шымкентте көлік бағдаршамдарының секундтық уақыты өшірілді. Бұл өзгеріспен кей автожүргізушілер келіспейді. Бақтияр Омаров бағдаршамдарға секундомерді қайта қою керек дейді.

Бақтияр Омаров, автожүргізуші: «Бағдаршамның секундомеры бары жақсы еді. Өйткені алыстан көресің. Ол ыңғайлы. Ал қазір алып тастаған. Кейде үлгермей қалып жатырмыз. Сарыға өтсең штраф дейді тағы»

Жауаптылар мұндай шараның мәжбүрлі түрде қабылданғанын айтты. Себебі, бағдаршамдағы уақытың аяқталғалы жатқанын көрген жүргізушілер жылдамдықты асыратын көрінеді.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі: «Қаланың магистралды көше қиылыстарында көлік құралдарының соқтығысу жағдайлары орын алуда. Яғни, жүргізушілер секундомер бойынша уақыттың азайғанын көріп тежеу мен үдеу қашықтығын есептемей, қиылыстан өту үшін жылдамдықты асырады. Осыған орай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бағдаршам нысандарындағы секундомерлерді өшіру бойынша тиісті шара қабылданды. Айта кетейік, көше қиылыстарындағы интелектуалды көлік жүйесі қосылмаған бағдаршамдарда секундомерлер кері есебі қайта орнатылуда»

Шымкент жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын қалалардың қызыл картасына еніп отыр. Бұл туралы айдың басында еліміздің Бас прокуроры мәлімдеген еді. Айта кету керек, жыл басынан бері мегаполисте 60 жол апатының соңы адам шығынымен аяқталған.