Құмтүйін ауылының жастары мұқтаж отбасыға баспана тарту етті

27
фото САӘБҚ

 Бүгін Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде игілікті шараның куәсі болдық. Тарқатып айтатын болсақ, Құмтүйін елді мекенінің 1987 жылы туылған азаматтардың бастамасымен тұрғын үй тұрғызылып, мұқтаж отбасыға баспана берілді.

Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, жеке кәсіпкерлері бірлесе ұйымдасты. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүйлейменов, аудандық мәслихат депутаты Сәбит Рысбеков, Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев, ауылдың ақсақалы Ырысбай Айтуғанов және ауыл қариялары мен тұрғындары қатысты.
 Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар жеткілікті. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау — ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз.
 Игілікті шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүйлейменов, ауылдың ақсақалы Ырысбай Айтуғанов сөз сөйлеп, сауапты іске ұйытқы болған барша жандарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады. Жаңа баспанаға ие болған Құмтүйін елді мекенінің тұрғыны Бектас Бектұрғанұлына қоныс құтты болсын дестік.