Úı ANONS Жастарға жазғы жұмыс

Жастарға жазғы жұмыс

Екі қолға бір күрек іздегендер үшін жақсы жаңалық. Шымкентте жаңа жоба іске қосылды. Бағдарлама аясында 16 жасқа толған жасөспірімдер жазғы демалыс кезінде қоғамдық жұмыстарға тартылады. Оларға 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы да төленеді. Мемлекеттік жоба туралы толығырақ арна тілшісі баяндайды.

 

Енді 16 жастан асқан жасөспірімдер жазғы демалыста жұмыс істеп, табыс таба алады. Оларға мемлекет ай сайын 90 мың теңгеден жоғары жалақы да төленеді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін жеке куәлікті алып, аудандық мансап орталығына бару жеткілікті.

 

АҚМЕДИЯР ЖҰМАҚҰЛОВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «16 жасқа толған азамат осы Мансап орталығы бар бізде 5 ауданда. Өзінің тіркелген мекен жайы бойынша мансап орталығына жүгінуі қажет. Сол жерде қызмет көрсетеді. Өзінің барғысы келген мекемеге жолдама алады».

 

Нақтырақ айтсақ, қоғамдық жұмыстарға қатысқан жастарға ай сайын 28 Айлық Есептк Көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді. Еңбекақыдан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар заңға сәйкес ұсталады. Қазіргі таңда оқушылар мен студенттерді жұмысқа орналастыруға өтінімдер қабылданып жатыр. Бағдарлама 31 тамызға дейін жалғасады.

 

САБИНА ТҰРЛЫБЕК, СТУДЕНТ: «Мен студентпін. Осында жұмыс іздеп келдім. Документтерімді өткізіп қойдым. Енді өзіме лайықты жұмыс шығуын күтудемін»

 

Сонымен қатар, 14–15 жастағы жасөспірімдер де Enbek.kz порталы арқылы жұмыс таба алады. Бірақ бұл санаттағы жастарға мемлекеттен жолдама берілмейді. Яғни, олардың жалақысын жұмыс берушінің өзі төлеуі керек.

Лаура Бабас