Шебер қолдар жәрмеңкесі өтеді

61
фото ШКО

 

Қолөнер халқымыздың ерте заманнан келе жатқан төл өнері. Бойымызға қанмен сіңген бабалардан келе жатқан атамұра. Бүгінде қолөнер заман талабына сай өзгеріп, дамып келеді. Бұл тек бос уақытты өткізудің құралы ғана емес, көптеген адамның табыс көзіне айналып отыр. Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде өңіріміздің қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында «Халық мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында қолөнер шеберлерінің  көрме-жәрменкесі ұйымдастырылады.

 

Көрменің басты мақсаты қолөнер шеберлерін халыққа таныстыру, оларға өз тұтынушысымен  дидарласып, іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға ашық алаң туғызу, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық қолөнерді дәріптеу, насихаттау болып табылады.

Жыл сайын өтетін көрме-жәрмеңкенің қолөнерші мен халыққа берер пайдасы мол. Атап айтқанда өңіріміздің осы салада еңбек етіп жүрген шеберлері бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп, өз тұтынушысын тапқан. Күн өткен сайын қолөнер көрмесінің маңыздылығы артып, көпшілік сұранысқа ие болуда.

Осы жылы да дәстүрлі қолөнер мерекесін халыққа ұсынамыз. 2024 жылдың 16 қазанында «Халық мұрасы-халық қазынасы» қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Онда келушілерге шебер қолдардан шыққан туындылардың теріден, ағаштан, қыштан, темірден, киізден, зергерлік бұйымдардың, ұлттық нақыштағы киімнен бастап, барлық үй жабдығының кең ассортименті ұсынылады.

Қолөнер – бұл ғасырлық тағылым, тектілік, табиғатпен үндестік, қас шеберлік, аса талғампаздық, төзімділік және салт-дәстүріміздің қолданбалы өнерін бойына сіңірген сырлы өнер. Сырлы өнерімізді жоғалтпай, әрі қарай дамыту, оған қолдау көрсету, жас ұрпаққа дәріптеу сізбен біздің ортақ міндетіміз.

 

Ақпарат алу үшін, біздің мекен-жайымыз: Шымкент қаласы,  Нұрсәт м/а,  Н.Назарбаев  даңғылы 12, өтетін уақыты: 16 қазан  сағ.: 10.00 – 18.00