Шымкентте өтіп жатқан халықаралық театрлар фестивалінде Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық театры жаңа қойылымын сахналады. «Киллерден телеграм» деп аталатын драма халықаралық деңгейде алғашқы премьерасын өткізді. Тың монодраманы көрермендер сахнадан тікелей тамашалады. Жаңа туындыны театр сыншылары қалай бағалады?
Махаббат – әлемді құтқарады! Осы идеяны жалау еткен Әзірбайжан музыкалық театры Шымкентте «Киллерден телеграм» атты монодрамасын сахналады. Қойылым мазмұны анадан жетім қалған баланың кек қайтарып, одан әрмен киллерлік жолға түсуімен басталады. Талай жанды жаһанамға жіберген қаныпезердің өзіне де кезек келеді екен. Ұлы сезім дертіне шалдыққан ол өзін құрбан етіп, махаббатын құтқарады. Драманың басты рөлін сомдаушы актер бұл арқылы адамды сүйіңдер, құрметтеңдер, бірақ күнәнің түбінде жазасы болатынын көрерменге жеткізгіміз келді, дейді.
Шовги Гусейнов, Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық театрдың әртісі: «Бұл спектакль махаббат адамды өзгертеді, махаббат әлемді құтқарады ұғымына негізделген. Киллер кезекті тапсырысына ғашық болып қалып, махаббаттың дертіне шалдығады. Өлшеулі өмірінің құрдым болғанын түсініп, әбден налиды. Шарасыз болғанын анық түсінгенде ол ғашығын қалдырып, өзін өлтіріп тынады. Әйтпегенде оны өлтіріп, өзі мәнсіз жалғыз қалатын еді»
Аталмыш қойылымның даярлығына 4 ай уақыт кеткен. Театр ұжымы Шымкентте халықаралық деңгейдегі алғашқы премьерасын өткізіп отыр. Отандық театр сыншылары қойылымның берері мол дейді.
Бақытбек Алпысбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі: «Ал ең соңғы тапсырыс оған Ләйла Самедова адвокатты өлтіру, бірақ ол оны аңдып жүріп, оның бойында оған деген махаббат оянды. Сол махабаттың күшімен барып, ол бірінші рет өзіне берілген тапсырысты емес, сол адамды өлтір деп тапсырыс бергендерді барып, бәрін өлтіріп қырып салды да, Ләйлаға деген махаббатын өзінің өлімімен аяқтады. Бұның қоғамға берері өлімнен махаббат күшті».
Әзірбайжандық театр өкілдері Шымкентте өтіп жатқан халықаралық фестиваль деңгейін жоғары бағалады. Осыған байланысты драма режиссері барын салып баққандарын айтады. Нәтижесінде көрермен қошеметі де зор болды.
Заур Алиев, «Киллерден телеграм» драмасының режиссері: «Біз бұл фестивальге Парвиз Сейидлидің «Киллерден телеграм» драмасымен келіп отырмыз. Мұнда келгендегі басты мақсатымыз – жоғары деңгейде өнер көрсету. Яғни, бізді арнайы шақырған жандардың үмітін ақтау. Жалпы Шымкентте фестиваль керемет өтіп жатыр. Алдыңғы, кешегі қойылымдарды көріп жүрмін, достарымды құттықтаймын. Керемет өнер көрсетуде».
Шымкентте халықаралық қойылымдармен қатар, театр мамандарын шыңдайтын шеберлік сабақтары да жүргізіліп жатыр. «Актердың сахналық үні» бағытында Айгүл Наремгенованың дәрісіне қызығушылық танытқан бірқатар мамандар қатысты. Бұл шеберлік сабақтары әлі бірнеше бағыт бойынша 10-шы қарашаға дейін жалғасады.
Әділет Әнуар