Бүгін Әл-Фараби кітапханасында «Желтоқсан оқиғасы» қатысушыларымен арнайы кездесу өтті. Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жиында қанды желтоқсан қатысушылары сол кездегі жастардың ұраны мен ұстанымын айтып, қазіргі жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
Гүлбайра Тұрғымбаева желтоқсан оқиғасы кезінде небәрі 20 жастағы бойжеткен болған. Жастығына қарамай, «Елді қазақ басқарсын!» деген ұстанымын алға тартып, құрбы-құрдастарымен бірге алаңға шыққан. Қанды оқиға кезінде қыздар да, ұлдар да талабынан қайтпаған соң жасақ келіп орталық алаңнан қуа бастады дейді ол. Қазір зұлмат күндерді еске алғым келмейді деген Шымкент тұрғыны бүгіннің жастары тәуелсіздіктің қадірін біліп, қасиетті ұқса екен деп тілейді.
Гүлбайра Тұрғымбаева, Желтоқсан оқиғасына қатысушы: «Екінші курста оқып жүрген кезіміз еді Қыздар педагогикалық университетінде. Осы оқиғаға бәріміз түгел барып қатыстық. Қазіргі еске алсақ, қатты қиналған сәттеріміз есімізге түседі. Толқып кетемін, еске алсам. Сол кездерде қатыстық деп айтуға қорықтық. Кейіннен барып қатысқанымыз туралы ашып айта алатын болдық. Сол кезде Қазақстанымызды қазақ басшы басқарсын деген ұстанымымыз туралы қазір студенттерге де, оқушыларға да айтып отырамыз».
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай, шымкенттіктер желтоқсан оқиғасының қатысушылармен кездесті. Олардың сол кезде бастан кештен жағдайларын тыңдады. Өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Желтоқсаншылардың бірі сол оқиғадан кейін өзінің жүрегінен шыққан әсерлі өлең жолдарымен бөлісті.
Қаратау ауданы аумағында мерекеге орай жас мұғалімдер арасында тәуелсіздік туралы эссе-толғау жарысы өтті. Байқауға қатысушылардың бірі Динара Хавасматова 8 жылдан бері балаларға ағылшын тілінен тәлім беріп келеді. Ол жарысқа ерекше қызығушылықпен дайындалғанын, өз материалында барлық маңызды оқиғаларды қамтуға тырысқанын айтады.
Динара Хавасматова, №71 ЖОМ мұғалімі: «Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ қой, соларды еске түсіріп, кітаптарды ақтарып, тәуелсіздікке жеткенге дейін қаншама еңбектер болғанын, кімдер қызмет еткенін бәрін жаздым. Қысқа ғана жазу керек болды эссе, сыйдыруға әрекет жасадық енді. Тақпақтармен, цитаталармен әсемдеп жазуға тырыстық».
Айта кетейік, желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесулер, Тәуелсіздіктің 33 жылдығына арналған іс-шаралар алдағы демалыс күндері қаланың әр бөлігінде жалғасын табады.