Шымкентте 2 бірдей жекеменшік балабақша құрылтайшылары мемлекет қаржысын қалтасына басқаны үшін сот алдында жауап берді. Олар бюджеттен бөлінген 8 млн. теңгеден астам қаржыны қалағанынша жұмсаған.
Прокуратура мәліметінше, мектепке дейінгі балалар мекемесіндегілер білім басқармасына балабақшаға мүлдем бармаған бүлдіршіндерді «тізімде бар» деп көрсетіп, жалған ақпарат ұсынып келген. Сот кінәлілердің біріне 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаса, енді бірін 4 жыл 6 ай мерзімге бостандығынан айырды.
Жанерке Атыкаева, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры:
«Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының үкімімен балабақша құрылтайшылары алаяқтық жасағандары үшін әртүрлі жазаларға тартылып, мемлекетке келтірілген залалды толығымен қайтарды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда»