Табиғатқа жанашыр шымкенттіктер бірнеше айдың ішінде түрлі 1000 түп ағаш отырғызды. Олар еріктілер тобын құрып, мегаполис экологиясын жақсартуға үлес қосуы үшін қызмет етіп жүр. Бір топ дендропарк аумағында бес жүзден астам ағаш отырғызса, басқа еріктілер қаланың әр бөлігінде тағы 500 ағаш екті. Еріктілер арасында кәсіпкерлер, шенеуніктер және қарапайым қала тұрғындары бар.
Шымкент тұрғыны Али Водолацкий осыдан бірнеше уақыт бұрын әлеуметтік желілерде қысқы ағаш отырғызу туралы ұсынысын жариялады. Бірден идеяны қолдайтындар табылып, еріктілер белсенді түрде жинала бастапты. Экологияға бей-жай қарамайтын жандарды табу қиын болған жоқ дейді ұйымдастырушы. Сөйтіп кәсіпкерлер аллеясы ашылды. Жүзден астам мегаполис кәсіпкерлері бірігіп, өзара міндеттерін бөліп алып, жұмыс істеуде.
Али Водолацкий, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз жастар, белсенділер және экобелсенділер болып осы бастаманы қабылдадық. Мақсатымыз – осындай игі істі ары қарай жалғастыру, саябақтарды дамыту, қаланы көгалдандыру және шымкенттіктерді осы идеяның айналасында біріктіру. Мәселен, ағаш отырғызуға кәсіпкерлер балаларымен бірге келеді және осылайша өз отбасына және қаланың басқа тұрғындарына үлгі көрсеткісі келеді».
Бұл ағаштарды «Qaz ALPAСK” зауытының қызметкерлері отырғызған. Сонымен қатар, «Глобал кофе», «Ленгер балмұздақтары» және басқа да ондаған кәсіпорындар қалыс қалмай, қаланың дамуына өз үлестерін қосуда. Ағаштарды қыста да отырғызуға болады дейді экологтар. Суық кезең үшін қылқан жапырақты өсімдіктерді отырғызуды жөн көріпті. Бүгінгі таңда 1000-ға жуық көшет отырғызылса, оның 500-і дендрологиялық саябақ аумағында. Студент Руслан Гадельшин де қысқы демалысты тиімді өткізуге шешім қабылдағанын айтады.
Руслан Гадельшин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен де бұл жобаға қатысып, өз үлесімді қосқым келді. Менің ойымша, біздің қала тұрғындары ретіндегі міндетіміз — табиғатты аялау, оны қорғау. Мен үшін дендросаябақ — қаланың жүрегі, сондықтан біз оған қарауымыз керек деген ойдамын».
Шымкенттік экологтардың өз жұмыс жоспары бар. Олар қалада жыл соңына дейін тағы 500 ағаш отырғызылатынын айтады.