19 наурыз – Жаңару күнінде шымкенттіктер қаланы көгалдандыруға кірісті. Табиғат түлеп, күн жылынған сәтте шаһар кәсіпкерлері «Мың ағаш» челленджін бастады. Олар осы бастама арқылы мегаполисті жасыл желекке бөлеуді мақсат етіп отыр.
Шымкентте бейсенбі таңы қарбалас басталды. Мегаполис кәсіпкерлері қаланы көгалдандыруға белсене кірісті. Әрқайсысы мың түп ағаш егуді жоспарлаған бизнес өкілдері бүгіннің өзінде көшеттердің жартысын отырғызып үлгерді. Енді олар бұл эстафетаны өзге әріптестеріне жолдап, челлендж аясын кеңейтпек.
БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ,КӘСІПКЕР: «Мың ағаш атты акцияны бастадық. Енді біздің осы Еңбекші ауданында 180-нен астам кәсіпкер бар. Осы ауданның кәсіпкерлеріне жолдама берсек, қаламыз көркейеді деген ойда, ниетте едік+ Алғашқы рет бастадық. Әр жылда. Осы жылы екі рет болады деп отырмыз. Осы жылы күзде тағы да жүргіземіз деген ойдамыз»
Жаңару күніндегі игі шараға кәсіпкерлермен бірге белсенді жастар да үн қосты. 300-ге жуық ерікті қала көшелерін көгалдандырып, қараағаш, шынар мен шырша көшеттерін отырғызды
ҚЫМБАТ БАЙБАЛА, СТУДЕНТ: «Қаламыз тазарса ол — біздің де тазаруымыз деген секілді. Алдағы уақытта бұдан да басқа іс-шаралар болады деп ойлаймын. Біздің қала негізі өте әдемі қала ғой. Оның ары қарай көркейту біздің қолымызда. Жастардың қолында»
Айта кетсек, жыл соңына дейін Шымкент аумағында 140 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі орман алқаптарына егілсе, қалғаны қала көшелерін жасыл желекке айналдыруға бағытталмақ. Осылайша, мегаполис биыл жасыл белдеуді кеңейтуге басымдық беріп отыр.





