Шымкенттік көркем гимнастшылар халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

26
фото sports.kz

Шымкент қаласының көркем гимнастика федерациясының спортшылары Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралды. Ел намысын қорғаған 15 спортшының бәрі де жүлдегер атанып, биіктен көрінді. Олимпиада чемпионы болуды армандайтын жасөспірімдер халықаралық байқаудан алған әсерімен бөлісті. 

Шымкенттік гимнастшы жасөспірімдер Біріккен Араб Әмірліктеріне жарысқа барып жүлдемен оралды. Дубай қаласында өткен байқауда әлемнің 10-нан астам елінен 300-ден астам қатысушы бақ сынады. Украина, Корея, БАӘ-нен қатысқан мықты қарсыластардың арасынан қазақстандық 15 ару әртүрлі деңгейде жүлдегер атанды.

Гүлмира Рақымжанқызы, жаттықтырушы: «Шетелдегі халықаралық жарыстарға қатысу – ең алдымен балалардың көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Нешінші орын алса да, барлық жүлде маңызды рөл ойнайды. Ал біздің қыздарымыздың барлығы жүлдемен оралды. Халықаралық байқаулардан қыздарымыздың үйренері көп, жаңа техникаларды меңгереді. Біздің қыздар тек өнер көрсетіп, жаңа дүниелермен танысып қана қоймай, өздерінің үздік екенін де көрсетті».

Жүлделі оралғандардың қатарында Гүлжан Айжай да бар. Байрақты бәсекеде алғаш рет бақ сынаған 10 жастағы гимнастшы Дубайда өткен жарыста көп дүниені көріп, меңгергенін айтады.

Гүлжан Айжай, 3 орын иегері: «Бірінші рет барып тұрмын өзім, маған қатты ұнады, қыдырдық. Жарыста доп обруч болды. Арманым олимпиада чемпионы болу. Жаңа жетісітктерге жете беріңдер, мен сіздерді өте қатты жақсы көремін!»

Ал 9 жастағы Аиша Алтай гимнастикамен 5 жылдан бері айналысады. Ол жаттығуға Ақсукент ауылынан арнайы келеді. БАӘ өткен жарыстан жасөспірім қола жүлдемен оралды.

Аиша Алтай, 3 орын иегері: «Индия, Украина әр елден көп қыздар келді. Жеке алып бардық, ол жақта топтық да болды. Алға мақсатым – олимпиада чемпионы болу».

Эльвира Әлжанованың 3 немересі де спорт мектебінің шәкірттері. Барлығы гимнастикаға қатысады. Спорт бала өмірінің айнымас бөлігіне айналды дейді ол.

Эльвира Әлжанова, ата-ана: «Жақында жарысқа барып келді Дубайға. Үлкен рахмет біздің жаттықтырушыларға. Ата-аналарға бізді көріп жатқан, айтарым, балаларды спортқа беріңіздер!»

Шымкент қаласының көркем гимнастика федерациясының спортшылары 15 жылдан астам уақыт ішінде көптеген жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қанаттандырып келеді. Жеңістер мұнымен аяқталмайды дейді жаттықтырушылар.