Келе жатқан Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қаламыздағы М. Әуезов атындағы ОҚУ-де жоғары оқу орындары арасында волейболдан аймақтық жарыс болып өтті. Турнирге Түркістан облысы мен Шымкент қаласының университтері және мекемелері қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Шараға мұрындық болғандар «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік таңы» қоғамдық бірлестігі мен Әуезов атындағы іргелі оқу орны. Жастардың басын қосып, әріптестік қарым-қатынасты арттыру мен дене белсенділігін көтеруге бағытталған бәсеке маңыздылығымен ерекшелене алды.
17 жастағы Жасурбек Ирисматов волейбол спортымен кәсіби түрде айналысады. Бүгінгі ашық турнирге зор ынтамен қатысқан ол жергілікті М. Әуезов университетінің намысын қорғады.
Жасурбек Ирисматов, М. Әуезов атындағы ОҚУ студенті: «Біздің бапкерлерге зор алғыс. Себебі олар бізге тек мүмкіндік беріп қана қоймай және шабыттандырады. Одан соң біздің қолымыздан әрине бәрі келеді».
Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бұл аймақтық турнир өзінің кең көлемді қамтып, үлкен ауқымда өткенімен ерекшеленді. Жарыстың негізгі көздегені бәсеке емес, дене белсенділігін дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ жастарды патриоттыққа баулып, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсету. Сондықтан жарыс тек ойынмен шектелмей, ұлттық мәдениеттегі көріністер орын алды.
Қалдыбай Есенбеков, М. Әуезов атындағы ОҚУ дене шынықтыру пәнінің оқытушысы: «Бұл жерде тек шымкенттік командалар бақ сынап жатқан жоқ. Басқа облыстардан және Түркістаннан келген 2 команда бар. Жалпы 15 команда қатысуда».
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды жергілікті М. Әуезов оқу ордасының командасы иеленді. Ал Шымкент қаласының полиция департаменті екінші орын, М.Әуезов атындағы колледж студенттері үшінші орын алды. Жүлде қоры жеңімпаздарға 150 мың, екіншіге 100 мың, үшіншіге 50 мың теңгеден болды. Жарыстың марапаты өз кезегінде мәдени шараға ұласты. Айтқандай турнирдің көздегені әдеттегіден бөлек болған соң, киелі күннің қарсаңында ұлттық құндылықтар ұлықталды. Қатысушылар бүгінгі шара көргеннің есінде елеулі болып қалады деп шара соңында әсер бөлісіп жатты.