Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (ҚМДБ) құрылғанына 35 жыл толуына орай елімізде бірнеше маңызды рухани шаралар ұйымдастырылды. Шымкент қаласында өткен «Бабалар рухына 350 Құран хатым» шарасы осы мерейтой аясында өткізілген жиындардың бірі. Шараға 200-ге жуық адам қатысып, елімізде діни қызмет атқарған имамдар мен ұстаздар, сондай-ақ қоғам қайраткерлеріне құран бағыштады.
Сондай-ақ, жиын барысында дін пен ділдің қоғамдағы орны мен маңызы талқыланды. Діни рәсімдер мен жоралғылардың бүгінде әртүрлі өзгерістерге ұшарағаны, бұрмаланып жатқандығы да сөз болды.
— Бүгінде той мен ас беру жоралғыларында даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беріледі. Оны жасайтын той иелерінің өздері. Бұл тұрғыда діни қызметкерлер тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар беру және жастарды салихалы өмірге насихаттау мақсатынды түрлі шаралар ұйымдастырады. Мәселен, былтырғы жылы той тамадаларының қатысуымен үлкен мәжіліс өткен еді. Нәтижесі көрінуде,-дейді Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдурахманов.
ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай өткізілген шаралар ертең де жалғаспақ. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Руханият марафон — 2025» іс-шарасы ұйымдастырылады. Жарыс жолында жүзден жүйрік шыққандар арнайы алғыс хат, дипломдармен марапатталады. Айта кету керек, бұл марафонға жергілікті кәсіпкерлер мен жамағаттар демеушілік жасаған.
ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар қоғамдағы рухани білімді арттыруға, жастарға діни тәрбие беру мен дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Бұл шаралар Қазақстандағы рухани дамуды нығайтуға ықпал етпек.