Қасиетті мекен Ордабасы тауында Наурыз мейрамы тойланды. Ұлан асыр іс-шара «Наурыз – жыл басы» сахналық композициясымен басталып, кернейшілер, дабылшылар, атты жаршылар керуенімен жалғасты. Қыдыр ата бата беріп, адыраспанмен аластау, жеті шелпек тарату, шашу шашу, тұсаукесер, көрісу дәстүрлері жаңғырды. Наурыздың келуін дәріптейтін құмырадан ақ құю рәсімі жасалды.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, түркі жұрты үшін ортақ мейрамның маңызына тоқталды. Әкім көпшілікпен бірге ұлттық ойын асық ойнады.
Сондай-ақ, мерекелік іс – шарада 20-дан астам киіз үй тігіліп, әр үйдің ішінде шаш өру, соқыр теке, жүн түту, жүн сабау, ұршық иіру, құрт жасау сынды қазақтың тұрмыстық салттары көрсетіліп, ұлттық тағамдардан мол дастарқан жайылды. Алаңдарда спорттың түр-түрінен жарыстар өткізіліп, аудандағы кәсіпкерлер өндіретін және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі көрсетілді.
Ұлыстың Ұлы күніне арналған салтанатты іс – шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздары мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.