Кептелістен құтқарады деген көпірдің құрылысы неге тоқтап қалды?

Километрлерге созылған кептелістер, ашулы жүргізушілер және босқа кеткен уақыт. Қаладағы Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелі көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп отыр. Оның шешімі, мұнда көпір салу болған. Құрылыс жұмыстары басталғанымен, жұмыс созылып кеткен. 

Бұл – Тіленшин көшесіндегі кептеліс. Шымкенттіктер жауаптылардан бұл проблеманы шешіп беруді сұрағалы біраз уақыт өтті.

Тұрғындардың әлеуметтік желідегі пікірлері:

«Тіленшин көшесіне көпір немесе жерасты өткелі салуға болады ғой, кептелістерден шаршадық!».

«Мен Тіленшин көшесінде тұрамын. Бұл кептелістер сұмдық! Біз сағаттап жолда тұрамыз, алтын уақытымыз босқа кетеді. Егер мәселе тезірек шешілсе, керемет болар еді!».

«Қалыпты көпір салуға болады ғой. Қазіргі заманда осындай өткелмен жүру – ұят!».

«Сайрамға бұрылыста жазда да, қыста да, күндіз-түні кептеліс!».

Тұрғындардың өтініші ескеріліп, төрт ай бұрын құрылыс басталған еді. Әкімдік көпірді күзде тапсыруды жоспарлаған, бірақ қазір жұмыстар тоқтап тұр. Проблема – жер учаскелерін алуда болып тұр. Жалпы, 18 жер телімі мемлекет меншігіне өтеді. Қазіргі сәтте олардың екеуі ғана қалған.

Айдар Бекенов, Шымкент қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы:
«Бір меншік иесі ұсынылған өтемақымен келісті, өйткені жобаның маңыздылығын түсінеді. Ал екіншісі үзілді-кесілді қарсы. Ол нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары соманы талап етіп отыр. Бұл жағдайда біз қолданыстағы заңнама аясында сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз».

Шенеуніктер ұсынылған өтемақының сомасын да атады – 50 миллион теңге. Ал наразылық танытқан меншік иесі 150 миллион талап етуде. Krisha.kz порталының мәліметінше, осы аудандағы үйлердің бағасы 23-тен 68 миллион теңгеге дейін бағаланады. Теміржолға жақын салынған бір үй ғана 100 миллион теңгеге бағаланыпты.

Енді бұл мәселе сотта шешілетін болады. Ал бұл дегеніңіз, көпір құрылысы ұзаққа созылып, тұрғындардың жақын күндері кептелістен құтылуы неғайбыл деген сөз.

Мұхамедали Шалхарбай