Көксай шағынауданындағы жер үйлердің мәселесі күрделі

Қалалық әкімдіктің ресми өкілі Көксай шағынауданындағы жағдай туралы да айтты. Сөзінше, ондағы жер үйлердің мәселесі күрделі. Аумақтағы проблемалар қашан шешіледі? 

Көксай шағынауданындағы жер үйлердің мәселесі күрделі. Мұны қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек айтып отыр. Сөзінше, бұл аумақтағы жеке баспаналардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі осыған дейін дұрыс санақ жүргізілмеген.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі: «Осы Көксайдағы үйлердің санын Ғ. Әбдімажитұлы әкім болып келгенге дейін ешкім жүргізбеген. Сенесіздер ме? Мен сіздерге қазір нақты санын айта алмаймын. Ауданға былтыр тапсырма берілген. 600-ден астам үйдің санағы жүргізілген. Тағы тура соның жартысы бар. Оның 600 бола ма, 700 бола ма, 550 бола ма айта алмаймын. Шамалап айтайын, 1200-дей жер үйлер бар екен. Ал енді оларды құзыретті органдардың тарапынан жобалауы жасалынып жатыр»

Ал, Көксайдағы көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр деді қала әкімінің орынбасары. Сөзіне сенсек, жыл соңына дейін көппәтерлі баспана тұрғындары жаңа қонысқа ие болады.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі:
«Жалпы осы жылы тағы 2 көппәтерлі үйдің тұрғындары көшірілетін болады. Осылайша келесі жылдың соңына дейін осы аумақтағы барлығы 23, оның 3-і көшірілді. Қалған 20 үйдің тұрғындарын көшіріп болуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл көппәтерлі үйлерге қатысты»

Шенеунік «түбінде Көксайға қатысты мәселе толық шешіледі» деп өз сөзін түйіндеді. Дегенмен, бұл күннің қашан туары әлі белгісіз. Қазірше, тек бұл аумаққа жаңа шағынауданның бой көтеретіні анық болып отыр.