Көксай шағынауданында тағы бірқатар тұрғын қоныс тойын тойлады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала әкімдігі жиырма отбасыға жаңа баспана кілтін табыстады. Қуанышты сәтке куә болған тілшіміз тарқатады
Көксай шағынауданында тағы 20 отбасы баспаналы болды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала басшысы тұрғындарға жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Қоныс тойын тойлағандардың бірі – көпбалалы ана Замира Кенжекова. Ол Көксайға төрт жыл бұрын көшіп келген. Балалары жиі ауыратындықтан, қосымша пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Енді жаңа ауданнан кең әрі жайлы үйге қол жеткіздік деп қуанышын жасырмайды.
Замира Кенжекова, қала тұрғыны: «Осындай жақсы күнінде баспаналы болып жатырмын. Грин ситидан 3 бөлмелі үй жаңа пәтер берді. Өте қуаныштымын, барлық көршіге жұғысты болсын осындай үй алу»
Игі іс-шара реновация бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – ескі шағынаудандарды жаңарту. Осы бағытта тұрғындарға Тұран және Шымсити аумақтарынан бұрынғы баспанасының көлеміне сәйкес келетін пәтерлер ұсынылған. Қала әкімі қоныс иелерін құттықтап, тұрғындарға тілегін жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Үйлеріңіз берекелі болсын.
-Бізге де бұйырсын. — Алла қаласа болады. — Жер үй ме сіздікі? Жер үйлердің нақты уақытын айта алмаймын. Бірақ бұл жұмыс тоқтамайды. Көріп жатырсыздар ғой. Шетінен беріп жатырмыз. Инвесторлар табылса, сіздерге де кезек келеді. Мереке қарсаңында үйлі болған кісілер құтты болсын. Жақсы жаңалықтармен кезддесіп жүре берейік».
Жоба аясында Көксай аумағында бұған дейін тоғыз үй сүріліп, сексеннен аса пәтер иесі жаңа мекенге көшірілген. Жауаптылар барлық баспананың тұрғындарға толықтай тегін ұсынылғанын айтады.
ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Көксайда бұған дейін 9 үй көшірілді. Бұл 83 пәтер еді. Енді 20 пәтер кілтін бердік. Барлығы 11 үй болды. Мысалы 42 кв метр болса үйі, біз 62 кв метрлі үй беріп жатырмыз. 20 кв метріне ақша төлемейді. Квадратурасы үлкен»
Екі бөлмелі пәтер иелері Тұран шағынауданындағы «Жас Отау» тұрғын үй кешеніне көшті. Жаңа баспанасының жағдайын көрген ақсақал Бақытжан Айтжанов көптен күткен үйге қол жеткізгеніне дән риза.
БАҚЫТЖАН АЙТЖАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ол үйлер баяғы ескі Хурщовтің кезіндегі үйлер ғой. Ескірген. Ескірсе де, бірақ сол жерден біраз өсіп өнген соң Алла тағаланың қалауымен. Сәл қимастық болып тұр. Бірақ мына жаңа үйді көрген соң қимастықты ұмытатын шығармыз».
Айта кетейік, ескі аудандарды жаңарту бағдарламасы 2023 жылдың соңында басталған. Мамандардың мәліметінше, осы уақытқа дейін 130-дан астам пәтер иесі жаңа тұрғын үйге көшірілген.
Әсел Мәлік






