Көшпенді қазақ халқының көнеден жеткен асыл мұраларының бірі – жарамазан. Ол – қасиетті Рамазан айының жаршысы, халықты ауызбіршілікке, имандылыққа, татулыққа шақыратын рухани жыр. Осы бір ұлы дәстүрді жаңғырту мақсатында Шымкент қаласында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйыдастыруымен «Оразаның жаршысы – Жарамазан» республикалық байқауы өтті.
Ұлыстың ұлы күнінде «Астана» алаңында жиналған өнерпаздар өз өнерлерін паш етіп, ұлттық дәстүрді жаңғырту жолында жарысқа түсті. Байқаудың басты мақсаты – жарамазан жырын кеңінен насихаттау, қазақ өнеріне деген сүйіспеншілікті арттыру, жыршылық дәстүрді дамыту, жастарды рухани тазалыққа баулу.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар жарамазан жырын орындап, өздерінің мақамы мен орындаушылық шеберлігін көрсетті. Жарамазан – жай ғана ән емес, ол халықтың қуанышпен қабылдайтын ізгі тілегі, дұғасы. Сондықтан да әр қатысушы бұл жырды ерекше ықыласпен, тебіреніспен орындады.
Тақырыптық бата айту кезеңінде қатысушылар қазақтың бай мұрасындағы баталардың әр түрін орындады. Тұсаукесер, сапарға шығу, наурыз бата сияқты ізгі тілектерге негізделген баталар көрерменнің жүрегіне жетті. Сонымен қатар, қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімдерін сынға салды.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен шабытты жастар қатысты. Әділ-қазылардың қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, бірінші орын мен 1 миллион теңге жүлде қоры Жетісу өңірінен келген «Күреңбел» командасына бұйырды. Өздерінің ерекше мақамымен, мәнерлі орындаушылық шеберлігімен көзге түскен бұл топ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Ал, бас жүлдені Шымкент қаласынан қатысқан «Сайрам серілері» командасы жеңіп, 1,2 миллион теңге жүлдеге ие болды. Олар жарамазан жырын ұлттық аспаптармен сүйемелдеп, сахналық көріністермен әсерлі жеткізе білді.
Бұл байқау тек жарыс қана болмады, жас таланттардың орындауындағы жарамазан жыры көрерменнің жүрегін тебірентіп, қазақ халқының ұлы дәстүрінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қасиетті Рамазан айында халқымыздың жүрегін жылытып, рухани байлығын арттырған, ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Оразаның жаршысы – Жарамазан» байқауы келер жылы да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.