Дуа мен сиқырға сенесіз бе? Әрқайсымыз дуалау, қастандық, қарғыс туралы түрлі қорқынышты әңгімелерді естігенбіз. Әсіресе әлеуметтік желіде жиі кездесетін «зираттағы құпия» оқиғалар кей адамдардың үрейін ұшырады. Сондай жағдайдың бірі қала маңындағы жерлеу орнында болған.
Мистикалық жоралғы, қорқынышты рәсім, әлде дуа ма? Қабір басына туыстарын еске алуға келген жандар тосын заттарды көріп таң қалуда. Зират ішінде, мәйіт жерленген орындардан табылған түсініксіз бұйымдар көпшіліктің үрейін ұшырды.
Елена: «Біздің қалада мұндай нәрселер жиі кездеседі. Бұны кім жасайтынын білмеймін, бірақ өте қауіпті. Психикаға қатты әсер етеді. Мысалы, қызымның жүйке жүйесіне де әсер етті».
Елена тылсым құбылыстың құрбанына, яғни бұл тауып алған заттың иесіне көмектескім келеді дейді. Сондықтан жапа шеккен адам табылса деген ниетте әлеуметтік желіге жариялаған. Оның айтуынша, мұндай сиқыр, дуалар адамға расымен де әсер етеді, және ол мұндай келеңсіз дүниеге бұрын да куә болған екен.
Елена: «Біз бір жыл бойы соның салдарынан айыға алмай жүрдік. Содан кейін әйелдің суретін көргенде, оны біреу таныса екен дедім. Мүмкін ауруға шалдыққан шығар? Өйткені суреттің басынан бастап денесіне түскен ине тұрған еді. Бұл — үлкен қастандық деп ойлаймын».
Фотосурет арқылы жасалатын дуалар сирек жағдай емес дейді біздің бір көрерменіміз. Айтуынша ол мұндай жайттарға жиі кезігеді екен.
Қала тұрғыны: «Қайда барсаңыз да осындай суреттер толып жатыр. Видеоны көріңіз, олар тіпті үйіліп жатады. Бәрі иттің жүніне оралған. Айтуларынша, бұлай істегенде адам ит сияқты азаппен өледі дейді».
Рунолог Виола Аргашеваның айтуынша, мұның басты себебі — әлеуметтік желідегі ашықтық. Интернеттегі платформада өмірінің жарқын сәттерін салып қояды. Бұл кейбір адамдардың қызғанышын тудырып, осындай әрекетке баратын көрінеді.
Виола Аргашева, нумеролог-рунолог: «Әр адамға жасалған тылсым теріс ықпал бірдей әсер ете бермейді. Әркімнің өзіне тән ішкі қорғанысы бар. Кейбір адамдар мықты, оңайлықпен бұзылмайды.Ал егер адам бойында әлсіздік сезініп, көңіл күйі түсіп, мазасыз түстер көре бастаса — онда ойланатын жағдай. Кейде жай ғана тұз қосылған суға шомылып, жеңіл тазарту рәсімін жасау жеткілікті. Бірақ кейбір жағдайда мұның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін».
Рунолог күмәнді заттарды қауіпсіз жою жолын да түсіндірді.
ВИОЛА АРГАШЕВА: «Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Тапқан адамдарға ештеңе болмайды. Тек қолмен ұстамау керек, алып, өртеп жіберген дұрыс. Ал суреттегі адамдар… әрине сақ болғаны жөн».
«Басымнан өтпеген өзімнің. Дуаланған ине тастап кететін үйлерге бар ғой сондайды естігенмін. Ол деген адамның бағын байлап қояды гой ол. Сені көре алмайтын болса, ол үлкен күнә болып табылады негізі».
«Негізі бар зат қой. Сенеміз иә өз басым. Қара сиқыр дейді емес па. Бірақ өмірде өзімнің басымнан өтпеген. Мен сенем бірақ қорқамын ондайдан».
Қара магияға, дуалау мен қарғысқа сену – әркімнің жеке таңдауы. Бүгінде түрлі балгер, емші, тылсыммен жұмыс істейміз дейтіндер көбейіп, мистика өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткендей.
Ботакөз Әнуар

