Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі зейнетақы активтерін басқарудың жаңа ережелерін бекітті. Олар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді жекеменшік басқарушы компаниялардың тиімділігі Қазақстан нарығымен қатар, әлемдік нарық көрсеткіштеріне сүйене отырып бағаланатын болады. Ал жаңа жүйе салымшыларға көбірек еркіндік береді.
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинағын қалай басқаруды өздері таңдай алады. Яғни, ақшаны қайда салу және қалай көбейту — әр адамның өз шешімі болады. Сондай-ақ, ақшаны қанша уақытқа инвестициялау керегін де өздері белгілейді. Жекеменшік басқарушы компаниялардың жұмысы бұрынғыдай орташа көрсеткішпен емес, жаңа арнайы индекстер арқылы бағаланады. Бұл индекстер Қазақстандағы және әлемдегі нарық жағдайын ескереді. Осылайша, қай компания шынымен жақсы табыс әкелетінін әрі тәуекелі қандай екенін дәлірек анықтауға болады.
Арман Байғанов, R-FINANCE кеңесшісі: «Қазір жинақтың 50%-ы жеке басқарушы компанияларға беріледі. Егер оны 100%-ға дейін жеткізсе, бұл тіпті жақсы болар еді. Салымшылар түрлі басқарушы компаниялар арасында әртараптандыра алады. Бұл табысты арттырып, азаматтардың қызығушылығын күшейтеді деп ойлаймын».
Қаржы нарығын реттеу агенттігі зейнетақы қаражатын инвестициялауға болатын қаржы құралдарының тізімін де кеңейтті. Енді басқарушы компаниялар түрлі бағыттағы, анағұрлым әртүрлі инвестициялық портфельдер құра алады. Сарапшылардың айтуынша, бұл бәсекелестікті арттырып, салымшылардың жеке басқарушы компанияларға деген қызығушылығын көбейтеді.
Арман Байғанов, R-FINANCE кеңесшісі: «Мысалы, Сингапурды алар болсақ жеке басқарушы компаниялардың орташа табыстылығы екінші деңгейлі банктерге қарағанда екі есе жоғары. Сондықтан халықтың инвестицияға деген қызығушылығы да, табысты бақылау белсенділігі де жоғары».
Алайда бұл реформаға қатысты оптимистік көзқарасты барлығы қолдамайды. Экономист Марат Абдурахмановтың айтуынша, елдегі негізгі экономикалық жағдай өзгермегендіктен, өзгеріс күткен нәтиже бермеуі де мүмкін.
Марат Абдурахманов, экономист: «Бұл жүйе жұмыс істемейді, себебі еліміздегі инфляция жағдайы өзгерген жоқ. Егер біз зейнетақы ақшасын қауіпсіз қаржы құралдары арқылы өсіргіміз келсе, алдымен сондай сенімді қаржы құралдарын жасауымыз керек. Ал қазір мұндай құралдар біздің нарықта жоқ. Жай ғана жоқ».
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 1 қазанға дейін ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы табыстылығы 14%-дан асқан. Ал өткен жылдың қазанынан биылғы қыркүйекке дейінгі аралықта инвестициялық табыс көлемі 3 триллион теңгеден жоғары болды.
Ботакөз Әнуар






