Úı ANONS Салық реформасы: Өзін өзі жұмыспен қамтығандар қиындыққа тап болды

Салық реформасы: Өзін өзі жұмыспен қамтығандар қиындыққа тап болды

Жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қиындықтарға тап болды. 1 қаңтардан бастап олар үшін жаңа арнайы салық режимі іске қосылды. Алайда көптеген өзін-өзі жұұмыспен қамтығандар  жаңа ережелер бойынша жұмысты іс жүзінде іске асыра алмай отыр. Олар операцияларды арнайы банк шоттары арқылы жүргізуі тиіс. Бірақ бірқатар банктер мұндай шоттарды әлі іске қоспаған.

Жаңа Салық кодексі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим енгізді. Алайда олар жаңа ережелер бойынша жұмысын бастай алмай отыр. Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев мәлімдеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар E-Salyq Business арқылы тіркеліп, екінші деңгейлі банктердегі арнайы шоттар арқылы жұмыс істеуі керек. Бірақ банктер арнайы шоттарды іске қосуға дайын болмай шықты.

ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: «Адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге тырысып, пәтер жалға беру қызметін таңдайды, бірақ ары қарай бұл қосымшаға кіре алмайды. Яғни, жүйе толық жетілдірілмеген. Олар екінші деңгейлі банктерге жүгінгенде, банктер «бізде әзірге мұндай арнайы шоттар жоқ» деп жауап береді. Мәселенің мәнісіне үңілсең, Ұлттық банк ережелерге арнайы шоттарға қатысты түзетулерді 2025 жылдың 31 желтоқсанында, өткен жылдың соңғы жұмыс күнінде қабылдағанын көресің».

Салық сарапшыларының болжамына сәйкес, мұндай шоттар қаңтардың соңына қарай пайда болуы мүмкін. Ал әзірге өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ақшаны қолма-қол немесе картаға қабылдай алады. Дегенмен кейіннен салық органдары қандай қаражаттың кәсіпкерлік табыс екенін растауды талап етуі мүмкін деген қауіп бар.

ДМИТРИЙ КАЗАНЦЕВ, САЛЫҚ САРАПШЫСЫ: «Мен кәсіпкерлерге, арнайы шот ашылғанға дейін қолма-қол ақша қабылдайтын болса, қаражатты бір банктегі жеке картаға қабылдауға кеңес беремін. Және өзін-өзі жұмыспен қамту аясында табысты әзірге тек соған қабылдап, чек шығарып отыру керек. Қазір салық режимдері бойынша бей берекет жағдай бар және бұл жағдай әлі бір айдан үш айға дейін жалғасуы мүмкін».

Сарапшылардың айтуынша, салық кодексіндегі өзгерістер жүз мыңдаған кәсіпкерге қатысты болса да, көптеген жүйелер жаңа жылдың басынан бастап жаңа ережелер бойынша жұмыс істеуге дайын болмаған.

МАРАТ ҚАЙЫРЛЕНОВ, «ҰЛАҒАТ КОНСАЛТИНГ ГРУПП» ДИРЕКТОРЫ: «Мен бұған таңғалмаймын, мәселе Салық кодексінің өзінде де, оның мазмұнында да, әкімшілендіруінде де бар. Мысалы, «Е-тамға» жүйесі – кәсіпкерлер қосымша құн салығы қайтарымы теориялық тұрғыда тез әрі жедел болуы керек деп қауіптенеді. Бірақ іс жүзінде көптеген проблемалар бар».

Қазіргі таңда кәсіпкерлер белгісіз жағдайда қалып, жүйе жаңа Салық кодексіне бейімделгенше уақытша шешімдерді өз бетінше іздеуге мәжбүр.

Нұргүл Жолымбетова