Úı ANONS Белсенді жастар бір алаңда тоғысты

Белсенді жастар бір алаңда тоғысты

Шымкентте волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған екі күндік Жазғы мектеп ұйымдастырылды. Іс-шара Жастар саясаты басқармасының бастамасымен 2026 – Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтті. 

 

«Қызыл жартастар» демалыс аймағы екі күн бойы еріктілердің идеясы мен жігері тоғысқан алаңға айналды. Мұнда еліміздің белсенді 100 волонтері мен қоғам жанашырлары бас қосып, тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды талқылады. Мұндай жазғы мектептің басты мақсаты – көшбасшылық қабілетті шыңдап, еріктілердің кәсіби әлеуетін арттыру әрі қоғамға қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған жастардың басын біріктіру.

 

ИЗҒАЛИ СҮЛЕЙМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КҮРД ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бүгін біз Шымкент қаласының волонтерлеріне арналған «Жазғы мектепке» қатыстық. Осындай мазмұнды тренингтер мен қызықты ойындарды ұйымдастырған ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Мұндағы ерекше атмосфера мен ұйымдастырушылардың еңбегі бізді бір мақсатқа жұмылдырып, біртұтас командаға айналдырды. Ал бірлік бар жерде достық та, нәтижелі жұмыс та болады»

 

Алғашқы күні қатысушылар тәжірибелі спикерлердің семинарларына қатысып, волонтерлік қозғалысты дамытудың тиімді тәсілдерімен танысты. Кейін жастар ұлттық ойындарда бақ сынады. Садақ атып мергендігін, асық атып мерейін, ләңгі теуіп ептілігін, ал арқан тартып бірлігін дәлелдеді.

 

Күннің қорытындысы мерекелік концертпен түйінделді. Сахнада Астана Қарғабай мен Алуа Мерген ән шырқап, «Шамсинұр» би ансамблі әсем билерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бағдарламаның соңында қатысушылар Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекпен жүздесті. Ашық диалог барысында жастар еріктілер қозғалысын дамыту, жастар саясаты және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелері жөнінде пікір алмасты. Жиын соңында үздік қатысушылар белсенділігі мен волонтерлік қозғалысқа қосқан үлесі үшін марапатталды.

 

ЛАУРА БАБАС