Астрономдардың көзімен Айға қарап, Жерге ең жақын аспан денесі туралы қызықты мәліметтерді біліп, ғарышты игеру тарихына үңілу. Шымкентте астрономия әуесқойларын, оқушылар мен ғарыш әлемін тануды армандайтындардың басын қосқан халықаралық «Айды бақылау түні» акциясы өтті. Ұйымдастырушылар қатысушыларды қалай таңғалдырды, тілшіміз баяндайды.
А.Пушкин кітапханасының алдында астрономия әуесқойларының қарасы қалың болды. Телескоп арқылы Жердің табиғи серігіне жасалған шағын саяхат тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды. Келушілер жарқын аспан денесін бір сәтке көріп қана қоймай, арнайы мобильді қосымшалардың көмегімен жұлдыздар мен шоқжұлдыздарды бақылауды, түнгі аспан объектілерін анықтауды үйренді. «American Corner Shymkent» үйлестірушісі Элина Қадырова шымкенттіктердің бұл белсенділігіне тәнті екенін жасырмады.
ЭЛИНА ҚАДІРОВА, «AMERICAN CORNER SHYMKENT» ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Біз «Stellarium» керемет қосымшасы туралы көптеген жаңа дүниелерді білдік, осы қосымшаның арқасында біздің тұрғындар қазіргі уақытта жұлдыздардың қайда орналасқанын, сондай-ақ Айдың қандай күйде екенін, оның кратерлерін және тағы басқаларын көре алады».
«Айды бақылау түнінде» жұлдызды аспан мен ғарыш ұжымын сүйетіндер қызықты деректермен танысып қана қоймай, аспан денелеріне арналған түрлі байқауларға қатысты. Астанадан келген қонақ Ләззат Әлибаева бағдарламаның ең әсерлі бөлігі телескоп арқылы Айды жақыннан тамашалау екенін жеткізді. Оның айтуынша, тау жоталары мен беткі ерекшеліктерін көру фотосуреттер мен энциклопедиялардан әлдеқайда артық әсер қалдырған.
ЛӘЗЗАТ ӘЛИБАЕВА, ҚАЛА ҚОНАҒЫ: «Керемет сезім! Өйткені бұл менің балалық арманым еді. Мен бүгін гештальтымды жаптым. Шыны керек, мен өте ризамын, өйткені мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес, мұнда келіп көріп, сезіну керек. Мен Айдың қозғалып жатқанын өз көзіммен көрдім».
«Ай шырғалаңы мен қызықтары» соңында қонақтар адамзаттың Айға алғашқы рет табан тіреуі туралы деректі фильмді тамашалады. Туынды ағылшын тілінде көрсетіліп, қатысушыларға тарихи миссия туралы білумен қатар, тілдік дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер астрономияны насихаттап қана қоймай, барлық буын өкілдерінің ғылымға деген құштарлығын ояды деп отыр.
БОТАКӨЗ АНУАР




