Úı ANONS Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімі

Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімі

фото egemen.kz

 

Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заңымен реттеледі.

Соттан тыс банкроттық рәсімі – жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары және микрокредит беру туралы шарттар бойынша екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын рәсім.

Соттан тыс банкроттық рәсімін келесі шарттарға сәйкес қолдана алады:

  1. банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы міндеттеме 1 600 АЕК-тен аспайтын болуы керек;
  2. ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы;
  3. кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы;        Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем күнінде қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын сомадағы төлем өтеу болып есептеледі.                        Өтеудің болмау мерзімі әрбір банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша соңғы төлем күнінен бастап есептеледі.
  4. арыз берілген күнге дейін жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің қолданылмауы.

Егер борышкер арыз берілген күннің алдындағы алты ай ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса, міндеттеме өтелмегеніне 12 ай толмаса да арыз беруге құқылы болады.

Егер міндеттемелерді орындамау мерзімі арыз берілген күнге бес жылдан асса, жоғарыда аталған шарттарға қарамастан борышкер арыз беруге құқылы болады.

Бұл ретте, деректерді соттан тыс банкроттықтың кіріс параметрлеріне сәйкестігін тексеру Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, екінші деңгейдегі банктерінің және кредиттік бюроларының, тіркеуші мемлекеттік органдардың электрондық дерекқорларын тексеру арқылы автоматты түрде «Qoldau» жеке тұлғалардың банкроттық туралы ақпараттық жүйесінде (әрі қарай- «Qoldau» АЖ) жүзеге асырылады.

 

Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін борышкер, ең алдымен осы рәсімді қолдану туралы арызды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «электрондық үкiмет» веб-порталы және (немесе) арнаулы мобильдік қосымша арқылы белгіленген нысан бойынша береді.

Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келген және жұбайының (зайыбының) (бар болған жағдайда) келісімі болған кезде, уәкілетті орган борышкер туралы мәліметтерді он бес жұмыс күні ішінде «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырады.

Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келмеген және жұбайының (зайыбының) (бар болған жағдайда) келісімі болмаған кезде уәкілетті орган он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жібереді. Борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға себеп болған негіздерді жойғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейін үш ай өткен соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды қайтадан беруге құқылы.

Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды.

Соттан тыс банкроттық рәсімі басталған күннен бастап мынадай салдар басталады: 1. кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады

  1. кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
  2. борышкердің жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына тыйым салынады;
  3. борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақша өндіріп алуға жол берілмейді;

 

Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату үшін негіздер болмаған кезде «электрондық үкімет» веб-порталында борышкер туралы мәліметтер орналастырылған күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады.

Борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап тоқтатылады.

 

Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді. Бұл ретте қаржылық жағдай мониторингінің шеңберінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруы мақсатында жеке мүдделері үшін жасаған әрекеттеріне тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижелері рәсімді тоқтатуға немесе банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

 

Азаматты банкрот деп жариялаудан кейінгі салдарлар:

  1. Ломбардтарда микронесие алуды қоспағанда, 5 жылға несиелер мен несиелер алуға тыйым салу.
  2. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады
  3. Банкроттың қаржылық жағдайының мониторингі банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде жүзеге асырылады

Сапарәлі Жәнел Берікқызы,

Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер

басқармасының Өндіріп алу бөлімінің жетекші маманы