Úı ANONS Жол құрылысы жүріп жатқан аумақта жұмысшы қайтыс болды

Жол құрылысы жүріп жатқан аумақта жұмысшы қайтыс болды

Шымкентте жол құрылысы жүріп жатқан аумақта қайғылы оқиға орын алды. Айналма жол салынып жатқан жерде экскаватор 53 жастағы жұмысшыны басып кеткен. Еңбек инспекциясы марқұммен еңбек шарты жасалмағанын мәлімдеді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

 

Шымкентте Бәйдібек би мен Қ. Төлеметов көшелерінің қиылысында салынып жатқан айналма жол құрылысында жазатайым оқиға болды. Құрылыс жұмыстары кезінде 53 жастағы жұмысшыны экскаватор басып кеткен. Ауыр жарақат алған азамат ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

 

«Алдын ала мәліметтер бойынша, құрылыс алаңында жұмыс атқарып жүрген А.С-ні экскаватор басып кеткен. Аталған жұмыскермен еңбек шарты жасалмаған. Жазатайым оқиға туралы департаментке «T.I.S.-A-Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры хабарлады. Қазіргі уақытта департамент тарапынан оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеп-тексеру басталды»

 

МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ

 

Қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полиция мәліметінше, Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бабымен тергеу басталған.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде.Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессулдық шешім қабылданады»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

 

Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде осы бап бойынша 183 қылмыстық іс тіркелген. Оның тоғызы Шымкент қаласында қозғалған. Айта кетейік, Бәйдібек би мен Қ.Төлеметов көшелері қиылысындағы айналма жол құрылысының бас мердігері – «BCN Group» ЖШС. Ал «T.I.S.-A-Group» компаниясы бұл нысанда қосалқы мердігер ретінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Дилара Иса