Үрей жайлаған ауыл

Былтыр Қарабұлақ ауылында 14 адам асылып өлген. Ал, биыл, кешегі аптаның өзінде екі мектеп оқушысы асылып өлді. Қарабұлақтықтар мұндай сұмдықтың бұрын-соңды болмағанын айтып, үрейленіп отыр.

 Бірер апта бұрын Сайрам ауданына қарасты аталмыш ауылдың орталығынан аппақ, ақ түйені көріп таңғалғанбыз. Кілең өзбек ұлты қоныстанған елді мекенде түйе қайдан жүр, бұл аймақта ойсыл қара тұқымын бағу қолға алынбаған еді ғой, деген сауал қызығушылығымызды тудырды. Ауыл әкімінен мән-жайды білген соң барып, ақ түйенің сыры мәлім болды.

Аудандағы ең үлкен ауылдық округ осы-Қарабұлақ. Елді мекенде 40 мыңнан астам халық тұрады. Халқы еңбекқор. Малшаруашылығымен және диқангершілікпен айналысады. Қарабұлақтың жетістіктері жөнінде республикалық басылымдарда жарияланып, телеарналар арқылы көрсетілген. Әр үйде бордақыға байланған ондаған бұқалар болса, барлық отбасыға тиесілі үлестік жері бар. Өзбек халқының еңбекқор екенін білеміз, мұнан бөлек жекеменшікте 1000-ға жуық «КАМАЗ» көлігі бар елді мекенде сауда-саттық жақсы дамыған.

Бірнеше базарлары мен облыс орталығындағыдай үлгідегі сауда кешендері, тойхана, маркеттер ел игілігіне берілген. 3 қабатты аурухана, жекеменшік клиника, дәріханалары мен зәулім мәдениет сарайы, қоғамдық тамақтандыру орындары халыққа қызмет көрсетеді. 11 мектепте мыңдаған шәкірттер тәрбиеленуде.

Осындай ынтымағы мен бірлігі ұйыған ауылды соңғы 2-3 жыл көлемінде үрей жайлады. Мұның себебі мен салдарын түсінбей дал болғандар не істеу керектігін білмей, әліптің артын баққандарымен қорқыныштың бұлты сейіле қоймады. Әсіресе, ата-аналар болашақтарынан үміт күтіп жүрген балаларының тағдырына алаңдады. Бұл үрей – асылып өлу оқиғасының тым жиілеп кеткендігінен еді.

Өткен жылы Сайрам ауданында мектеп оқушыларының асылап өлу оқиғасы республика бойынша алдыңғы орынға шықса, соның басым бөлігі осы Қарабұлақ ауылына тиесілі екен. Айдың күні аманында желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдердің өздеріне өздері қол жұмсауы жұмбақ күйінде қалды. Оны айтасыз, бұл дерттен ес жиып, етек жапқан үлкендер де қалыс қалмады. Ұрпақ өрбітіп отырған аналар да тылсым күштің жетегінде кетіп, беймәлім жағдайда асылып тұрған жерлерінде табылды. Қарабұлақта әп-сәтте қара жамылған шаңырақ көбейді. Үш адамның асылып қалғанын дер кезінде байқаған отбасы мүшелері оларды аман алып қалудың да сәті түскен жағдайлар болыпты.

Биылдықта ауданда 3 оқушының өздеріне өздері қол салу оқиғасы тіркелсе, оның 2-уі тағы да осы Қарабұлақтың оқушылары. Бір аптаның ішінде Хамза атындағы орта мектептің екі оқушысы он күндерінен бір гүлдері ашылмай жатып, жұмбақ өлімнің құрбандары болды. Халықты тағы үрей биледі. Ел ағалары мен дін жолындағы имандар, көпті көрген көнекөз қариялар бір әрекет жасамаса, мұндай сұмдықтың қайталана беретіндіктерін сезді. Өзара бір бәтуаға келіп, ескіліктің салты бойынша ақ түйені құрбандыққа шалуды, әруақтарға бағыштап құран оқытуды жөн деп шешті. Ауылда қалталы азаматтар көп.

Бұл бастаманы қоштаған кәсіпкерлер бар шығынды өздері көтеріп, имандылық жолындағы игі істі қолдарына алды. Салт бойынша құрбандыққа шалынатын ақ түйені табу да оңайға соққан жоқ. Маңғыстаудан алып келген ақ түйенің құны да айтарлықтай екен. Халықтың көз алдарында бірнеше күн тұрған жарықтық жануар біз көрген сол ақ түйе еді.

Сәуірдің 24-і күні Қарабұлақ ауылында ақ түйенің қарны ақтарылып, 300 адамға арналған құдайы тамақ тартылды. Дастархан қуанышқа арналған жоқ, қасіретке қарсы жайылды. Енді мұнан кейін ауылымызда ғана емес, елімізде де қасірет қайталанбасын, жастарымыз аман болсын, аспа кеселдің аты өшсін деген ниетпен өткізілген жиында тәрбиелік мәні бар ұлағатты сөздер айтылып, әруақтарға бағышталған құран оқылды.

 Сіз не дейсіз?

 Алымжан Нышанқұлов, Қарабұлақ ауылының әкімі

– Мұндай оқиға осыдан 60-жыл бұрын қайталаныпты. Сол кезде де ақ түйені құрбандыққа шалып, қайғылы оқиғалар тиылған. Енді міне, өрімдей жастар бірінен соң бірі өздеріне қол жұмсаулары жиілеп кеткен соң, қариялар осылай жасауды жөн көрген екен. Өткен жылы ауылдың 14 адамы асылып қайтыс болса, соның басым көпшілігі мектеп оқушылары. Қанша жерден қабырғамыз қайысқанмен, алдағы кезде мұндай оқиғаның орын алмауын тілейміз.

 Абдурафи Рахматуллаев, орталық мешіттің бас имамы

– Өткен жыл өкінішке толы болды. Әр күніміз үреймен өтті. Бір жылда 14 адамның асылып өлуі бір ауыл үшін үлкен қасірет. Тағы да болса, 3 мектеп оқушысын дер кезінде құтқарып қалып, асылып тұрған жерінен түсірдік. Жастармен сөйлесіп көргенімізде, оларды ақкиімді марқұм болған жандар жетелеп әкетіп, қолдарына жіп беретін көрінеді. Бұл табиғаттың тылсым күші ме, әлде адам кейпіндегі шайтанның тірлігі ме, түсінбедік. Бұндай оқиға көбінесе түнде орын алады.

 Артық болмас білгенің…

2011 жылы Қазақстанда 2 822 ер азамат пен 611 әйел өзін-өзі өлтірген. Жалпы алғанда, республика бойынша суицидтен болған өлімдер саны былтыр 2010 жылмен салыстырғанда 184 оқиғаға төмендеген.

Өзін-өзіөлтіру оқиғасының ең көбі былтыр Шығыс Қазақстан (513 адам), Алматы (390 адам), Қарағанды (389 адам) және Қостанай (362 адам) облыстарында байқалды. Едәуір аз көлеміҚызылорда (52 адам), Маңғыстау ( 58 адам) мен Атырау (76 адам) облыстарында тіркелген.

2011 жылы балалар және жастар (7-29 жас) арасындағы өзін-өзіөлтіру оқиғасы 2010жылмен салыстырғанда 111-геазайып, 1 175 адамды құрады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 25-29 жас шамасындағы адамдар суицидке берілгіш келедіекен.

Биыл осы жастағы 415 адам өмірлерімен өз еріктерімен қош айтысқан.Ал әйелдер арасында 15-19 жас шамасындағы қыздар өз-өзіне қол жұмсауға әлдеқайда жақын. Биыл да осы жастағы97 қыз өмірмен мезгілсіз қоштасқан.

Өзін – өзі өлімге қию оқиғасы қалалық жерге қарағанда ауылдық жерлерде көп тіркеледі екен. Өткен жылы суицидке барған азаматтардың 1650-ы қала, 1780 ауыл тұрғындары.

Ал қыз-келіншектер арасындағы суицид оқиғалары бойынша ауылдықтарға қарағанда қала ханымдары өздеріне қол салу бейім тұратындығы анықталған. 2011 жылы 308 қалалық, 303 ауылдық нәзік жандылар түрлі жағдайда өздеріне өздері қастандық жасаған.