//
Жаңалықтар 

Мемлекет басшысы зауыт жетекшілеріне өндірісті одан әрі өрлету керектігін баса айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялды аймақта да болды. Мұнда ол темір бетон өнімдерін шығаратын инвестициялық жобаның жүзеге асырылуымен танысты. Бұл зауыт еуро стандарттарға сай темір бетон өнімдерін шығарумен айналысады. Мемлекет басшысына Қазақстандағы теңдесі жоқ жобалардың бірі таныстырылды.”Арт-Құрылыс” ЖШС-інің жылына 200 мың шаршы метр темір бетон шығаратын мүмкіндігі бар.
Зауыттың жобалық құны 900 млн. теңгені құрайды. Испаниядан әкелінген мына құрылғының арқасында өндіріс өрлей түсуде. Оның қуаттылығы соншалық, тіпті жұмыс күшін де көп талап етпейді. Десек те, осы кәсіпорынның өзінде 200 адам еңбек етуде.
Зауытта шығарылған темір бетон өнімдері әсіресе, жол құрылысында көптеп пайдаланылады. Жол жиегіндегі кедергілер, бетон арықтар, кәріз жүйелеріндегі қажетті материалдардың барлығы осында өндіріледі. Қазірдің өзінде сұранысқа ие бұл материалдар облысымыздан өтетін Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа автомагистралінің құрылысына пайдаланылып жатыр. Бұдан бөлек, ғимараттар мен үйлер, ирригация, жылу магистралі, су және газбен жабдықтауда пайдаланылатын құрылыс қажеттіліктері шығарылады.
Елбасымен кездескен жұмысшы топтың қуанышында шек жоқ. Олар бүгінгі нарық кезеңінде тегін оқыту курсынан өтіп, сұранысқа ие мамандықты игере отырып, еңбекпен қамтылғанына дән риза. Мұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді дейді, жиналғандар. Мемлекет басшысы зауыт жетекшілеріне өндірісті одан әрі өрлету керектігін баса айтты. Ал жұмысшыларға еңбекте сәттілік тіледі.

Тағы да оқитындарыңыз