Ел егемендігінің атаулы мерейтойын Отырарлық ағайын думандатып тойлап жатыр. Ауданда күш алыбы Қажымұқанның 140 жылдығына, этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың 80 жылдығына арналып ескерткіштер мен мұражай бой көтерді. Сонымен бірге, «Тәуелсіздікке 20 жыл атындағы саябақ» пен «Ақындар аллеясы» ашылды. Былтыр да дәл осындай 4 той өткерген аудандағы жұртшылық өлкелерінің күн санап көркейіп келе жатқанын айтады.
Құрбан Айттың «арапа» күнімен тұспа-тұс келген осы күні ұлылар отанында таң сәріден қарбалас басталды. Себебі, азулы ақын Мұхтар Шахановтар бастаған зиялы топқа бағдарлама бойынша ашылуы тиіс бірнеше нысанды күн батқанша көрсетіп үлгеруі тиіс болатын. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына осылайша әзірленген Отырардағы жұртшылық кешке дейін той-думаннан босаған жоқ.
Мұқалбай НАҒАШЫБАЙ, жазушы: «Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың театрын, салт-дәстүрін, төл туындысын насихаттауда құл секілді еңбек еткен тұлға. Ол кісі басшымын деп ешқашан басынбаған. Ө.Жәнібеков ұйқысынан азанда оянғаннан кеш батқанға дейін қазақ үшін не істей аламын деп өмір сүрген жан».
Қазақтың қазақ болып қалуына айтарлықтай еңбек еткен тұлғаға ашылған мұражай 4 бөліктен тұрады. Нысанның ашылу құрметіне келген Ө.Жәнібеков ұрпақтары мұражай қорына Өзекең жайлы жазылған екі томдық шығарманы тарту етті. Өзбекәлі ағаның келіні Шолпан атасының бұл мекенді көріп, атасын көргендей сезімге бөленгенін айтады. Көргенді келінмен сұқбат барысында байқағанымыз, атаның жолын қуғандар жеткілікті көрінеді.
Фарабилер отаны бұл күні ақындарын да алыстатқан жоқ. Оларға арнап Республикада жоқ «Ақындар аллеясын» ашып берді. Бұл жердегі тастарда қазір 25 тұлғаның есімі таңбаланған. 64-і өз иесін күтіп тұр. Ол келер жылдың еншісіндегі іс.
Мұхтар ШАХАНОВ, ақын: «Қай кезде болмасын, ақындар көп болған. Ал нағыз ақын ілуде біреу ғана кездеседі. Бүгінгі қоғамда шындығы өліп қалған адамдарда есеп жоқ. Жасыратын несі бар, осында да шындығын жоғалтқан жандар жетерлік деп ойлаймын. Сондықтан да осындай асыл қасиеті мол ақындар, тұлғалар, қарапайым халық көбейсін дегім келеді. Ақындардың ақыны Әбу Насыр Әл-Фарабидің бізге жетпеген 150-ден аса әні бар екен. Оларды қазір арабтар шырқап жүрген көрінеді. Елдімізді берік етуде берік қамалымыз болар ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін зерттеуден жалықпайық дегім келеді».